Әзербайжанда бірінші ЭЫҰ әйелдер форумы өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанның Лачын қаласында Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) бірінші әйелдер форумы өтеді. Бұл туралы Report.az хабарлады.

Іс-шара 2 шілдеде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен «ЭЫҰ апталығы» аясында өтеді.
Форумның негізгі мақсаты – адам дамуының барлық саласында әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту үшін ЭЫҰ елдері арасындағы сектораралық ынтымақтастықты ілгерілету, сондай-ақ бүкіл ЭЫҰ аймағында инклюзивті және тұрақты қоғамдарды құрудағы әйелдердің рөлін күшейту.
Форум сондай-ақ ЭЫҰ аймағындағы көшбасшы әйелдер мен тиісті халықаралық серіктес ұйымдар арасында диалог, ынтымақтастық және тәжірибе алмасу алаңы болады.
Қоса кетейік, өткен жылы Алматыда Орталық Азия елдерінің көшбасшы әйелдері бас қосып, гендерлік теңдік, бейбітшілік, бизнес және бала тәрбиесі мәселелерін талқылаған болатын.