Әжетханадағы қыздар төбелесі: ШҚО апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында әжетханада студент қызды соққыға жыққан оқушыға қатысты апелляциялық соттың шешімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Еске салсақ, осы жылдың наурыз айында Өскемендегі «АДК» сауда орталығының әжетханасында оқушы қыз колледж студентін соққыға жыққан болған.

Облыстық Полиция департаменті осыған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабы 2-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен. Көп ұзамай желіде күдікті қыздың әкесі Антикорда, ал анасының қалалық Білім бөлімінде жұмыс істейтіні туралы ақпарат тарады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Денис Шакенов оқиғаға қатысқан адамдардың Антикор қызметкерлерімен ешқандай туыстық байланысы жоқтығын хабарлады.

Жәбірленуші қыздың туған апайы Тоғжан Досумова сіңлісн соққыға жыққандар қомақты ақша талап еткенін айтқан еді.

Шілде айында осы іске қатысты сот үкімі шыққан болатын. Аталған іс бойынша 14 қыз тергеуге алынып, тек үш бойжеткен айыпталушы деп танылған. Сот шешімімен 2 сотталушы 3 жылға бас бостандығынан айырылса, үшінші қыз 1 жылға бас бостандығынан шектелді. Сондай жәбірленушінің пайдасына 9 000 000 теңге сомасында моральдық зиян өтелуі тиіс.

Алайда айыпталушы тарап бұл шешіммен келіспей апелляциялық сотқа шағым түсірген.

ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сот үкімді еш өзгеріссіз қалдырды. Енді олар кассациялық шағым түсіре алады.


Соңғы жаңалықтар