Азия чемпионаты: Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Оңтүстік Кореядан жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Нью-Делиде (Үндістан) өтіп жатқан Азия чемпионатында екінші кездесуінде Оңтүстік Кореяға есе жіберді.

гандбол
Фото: olympic.kz

Бүгінгі қарсыласымыз осал емес. 1988, 1992 жылдары Олимпиада чемпионы атанса, 1995 жылы әлем чемпионы тұғырына көтерілді. Ал Азия чемпионатында 16 мәрте алтыннан алқа тақты. 
Кездесу барысында қазақстандық гандболшылар қарсыласына 20:30 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық гандболшылар А тобында ойын көрсетеді. Қарсыластары - Қытай, Сингапур және Оңтүстік Корея.
Алғашқы турда ел құрамасы Қытайды 28:26 есебімен тізе бүктірсе, енді 6 желтоқсанда олар Сингапурмен ойнайды.

Ал В тобында Жапония, Үндістан, Гонконг және Иран сынға түсіп жатыр.

Әрбір топтан алғашқы екі орындағы құрамалар плей-офф сатысына жолдама алады. 
Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2002, 2010 жылдары Азия чемпионы атағын жеңіп алса, 2021 жылы қола жүлдегер атанды.

Соңғы жаңалықтар