Азия кубогы: Баскетболдан Қазақстан құрамасы екінші мәрте жеңіске жетті

Азия ойындары
Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Баскетболдан Қазақстан құрамасы Азия кубогы іріктеу сатысында екінші ойынында Қатар құрамасынан басым түсті.

Ел құрамасы Е тобында сынға түседі. Қарсыластары — Иран, Қатар және Үндістан құрамалары.

Бүгінгі кездесуді ел құрамасы сәтті бастады. Бірінші кезеңде қарсыласын 19:12 есебімен жеңсе, есесіне келесі кезеңде 14:25 есебімен жол берді.

Үшінші кезеңде қайтадан 15:12 есебімен алға шықса, төртінші кезеңде 25:18 есебімен жеңді.

Осылайша ел құрамасы қарсыласын 73:68 есебімен сүріндірді.

Сондай-ақ, аталған топта бүгін Иран құрамасы Үндістанды 86:53 есебімен тізе бүктірді.

Енді ел құрамасы сырт алаңда 22 қарашада Иран, 25 қарашада Үндістанмен ойнайды.

Ал өз алаңында 2025 жылдың 21 ақпанында Қатар, 24 ақпанында Иранмен кездеседі.

Финалдық турнир 2025 жылдың 5-17 тамызында Сауд Арабиясында өткізіледі.

Азия кубогы 1960 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын ел құрамасы Үндістаннан 63:50 есебімен басым түсті.

 

Соңғы жаңалықтар