Азия ойындары: Каратэші Нұрқанат Әжіқанов финалға шықты

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында каратэші Нұрқанат Әжіқанов финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

каратэ
Фото: pixabay

Нұрқанат Әжіқанов 2001 жылы дүниеге келген.

Ол жартылай финалда Малайзия өкілі Рагоназан Шармендранды 4:3 есебімен жеңді. Оған дейін Нұрқанат алғашқы айналымда Мұхаммед Шекху Аламнан (Непал), ширек финалда қырғыз спортшысы Назым Нұрлановтан айласын асырған.

Нұрқанат 2021 жылы Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған. Әлем чемпионатында 2 мәрте қола жүлде жеңіп алған, 3 дүркін Азия чемпионы болған.

Айта кетейік, каратэден жүлде үшін жекпе-жектер елорда уақытымен сағат 12:00 мен 16:00 аралығында өтеді.

Сондай-ақ, бүгін ел құрамасынан каратэші Лаура Әліқұл жартылай финалға шығу үшін сайысқа түседі.

Қазір ел құрамасы еншісінде 51 медаль (5 алтын, 11 күміс, 35 қола) бар. Медальдар кестесінде 13-орында тұр.

Бұл жөнінен Қытай 314 медаль алып, (169 алтын, 94 күміс, 51 қола) көш бастаған. Одан кейінгі орындар Жапония (147 медаль: 37 алтын, 51 күміс, 59 қола), Оңтүстік Корея (146 медаль: 33 алтын, 45 күміс, 68 қола) еншісінде.

 

Соңғы жаңалықтар