Азия пара ойындары: Қазақстан қоржынына екі медаль түсті
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия пара ойындарында Қазақстан қоржынына екі медаль түсті, деп хабарлайды Kazinform.

Шосседегі веложарыстан жекелей сында Кенжеғұл Сейтжан пилот Антон Лаврентьевпен бірге үздік үштікке ілікті.
Мұнда оңтүстіккореялық Ким Чжун Бин жеңімпаз атанса, индонезиялық Нурфенди мәре сызығын екінші болып қиды.
Бұл – VІІІ шақырылымдағы Мәжіліс депутаты К.Сейтжанның осы Азиададағы екінші медалі.

Волейболдан отырып ойнаудан Қазақстан ерлер құрамасы финалға дейін сүрінбей жетіп, соңғы бәсекеде Иранға (14:25, 16:25, 18:25) 0:3 есебімен есе жіберді. Сөйтіп, қазақстандық параволейболшылар күмісті қанағат тұтты.
Қазіргі кезде Қазақстан қоржынында 7 алтын, 12 күміс, 21 қола жүлде бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан параспортшылары тағы үш медаль жеңіп алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ жетінші алтынды Диас Кенжебек еншіледі.