Бағанашылдағы балалар үйінде қазір жағдай қалай
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда орналасқан облыстық Балалар үйінің тәрбиеленушілері Қонаев қаласына көшуге наразылық білдірді.

Президент кеңесшісі — баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Президент тапсырмасымен «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаевқа көшірілмейтінін мәлімдеді.
Балалар үйінің тәрбиеленушісі Кирил Капранов әлеуметтік желіде бейнежазбасы кеңінен тараған жанжалдың қалай басталғанын түсіндірді.

— Таңертең балаларды алып кетуге 3 автобус келді. Біз олардың кіргеніне қарсы болдық. Бірақ Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында уақытша тұрып жатқан 3-18 жасқа дейінгі балаларды алып кететін болып екі автобус кірді. Біріне ұлдар, біріне қыздар кірді. Сол кезде осында полиция да келді. Біз қалғысы келетін балалар болса, ойлансын деп автобусты жарты сағат жібермедік. Сол кезде полиция қызметкерлері бізді итере бастады, — деді ол.

Оның айтуынша, Қонаев қаласына баруға бас тартып, 4 қыз автобустан шыққан. Содан кейін автобустар Балалар үйінің аумағынан шығып, екіара кикілжің тоқтаған.
Кирил Капранов Балалар үйінің тәрбиеленушілері Президент тапсырмасын қуана қабылдағанын атап өтті.

— Мен осында қалған балалардың бәрін жинап, Президенттің тапсырмасын оқып бердім. Балалар оны естігенде қуанды, тіпті көзіне жас алғандар да бар. Менің мұнда тұрып жатқаныма 2 жыл болды. Сол уақыттың ішінде бұл жер менің үйіме айналып кетті. Біздің тілегіміз Мемлекет басшысына жеткеніне қуаныштымыз. Қазір бәрі өз бөлмесінде, күнделікті шаруаларымен айналысып жатыр, — деді 15 жастағы тәрбиеленуші.

Мекеме тәрбиешісі Әсел Жуаспаеваның айтуынша, педагогтарға 11 тамызға дейін жаңа жұмыс орнына көшуге қаншалықты дайын екендерін шешуге уақыт берілген.
— Жаңа ғимаратта болған жоқпыз, тек әлеуметтік желіден көрдік. Балаларды қалай тасымалдайды, мұғалімдер қалай көшетіні туралы ресми ақпарат болған жоқ. Бізге тек 11 тамызға дейін ол жерге жұмысқа барамыз ба, жоқ па деген сұраққа жауап беру керек екенін хабарлады, — дейді ол.
Сонымен қатар Әсел Жуаспаева қазіргі Балалар үйі жаңа болмаса да, апаттық жағдайда деп ойламайды.
— Көшірудің себебі ғимараттың апаттық жағдайы деп аталды. Иә, мен мұнда жұмыс істеген барлық 13 жыл ішінде күрделі жөндеу жасалған жоқ. Дегенмен, біз жыл сайын қолымыздан келгенше жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ғимарат күрделі жөндеуді қажет етеді, бірақ ғимарат берік, барлық стандарт бойынша салынған. Мұнда тіпті жер сілкінісі онша сезілмеді. Қандай да бір қорытынды беру үшін сарапшы емеспін, бұл - менің жеке пікірім, — деді ол.

Қазір тәрбиелеушілер және ересек тәрбиеленушілердің бір тобы Қонаев қаласына кеткен балалардың қайтып келгенін күтіп жүр.


Еске салайық, биыл наурыз айында Алматы облысының № 1 балалар үйінің тәрбиеленушілері ғимараттың Алматыдан Қонаевқа көшірілетініне наразы болды.
Кейін № 1 балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалатын болды.
Алайда Алматы облысы әкімінің 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысы және білім басқармасының 10 шілдедегі бұйрығы негізінде тәрбиеленушілерді кезең-кезеңімен Конаев қаласындағы жаңа заманауи балалар үйіне көшіру жұмыстары басталды.
Айта кетелік Динара Зәкиева алматылық балаларды көшіруге қатысты пікір білдірген еді.