Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырының пайдасы мен сын-қатері қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстанның Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) мұнай құбыры арқылы мұнай жеткізу көлемін жылына 1,5 миллион тоннадан бірден 20 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отырғаны белгілі болды. Kazinform агенттігіне мұндай экспорттық маршрутты әртараптандыру үшін қандай инфрақұрылымды кеңейту қажеттігі және оның құны қанша болатыны туралы мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов пен KazService мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов айтып берді.

«Қазақстан өндірістің жалпы көлемінің 70%-ын экспорттайды, оның 98%-ы екі бағытта — Каспий құбыр консорциумы (КҚК) және «Өзен — Атырау — Самара» мұнай құбыры арқылы жіберіледі. Бұл бір елге асқан тәуелділікті тудырып, аймақтағы қақтығыс күшейген жағдайда үлкен сын-қатерге әкелуі мүмкін», - деп атап өтті Абзал Нарымбетов Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Ол 2022 жылы КҚК жұмысы бірнеше рет тоқтатылғанын, бұл елімізді тауарлардың іркілуін болдырмау үшін ірі кен орындарындағы өндірісті азайтуға мәжбүр еткенін еске салды.

Сарапшының айтуынша, Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры негізгі баламаға айналуда, себебі ол Ресей аумағын толық айналып өтеді. Оның өткізу қабілеті де жоғары — жылына 60 миллион тоннаға дейін, бірақ қазір бұл мүмкіндіктің жартысынан азы ғана пайдаланылып отыр.
«Әзербайжанда мұнай өндіру көлемі азайып, ішкі тұтыну керісінше өсіп келеді. Қазақстан бос қалған әлеуетті пайдалану мүмкіндігіне ие. БТД арқылы жеткізу Ресей маршруттарына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді сарапшы.
Дегенмен, БТД арқылы мұнай тасымалдау үш есе қымбатқа түседі — тоннасына шамамен 120 доллар алынады, ал КҚК арқылы 38 долларды құраған еді.
«Негізгі мәселе — мұнайды Баку қаласына дейін жеткізу. Мұнай цистерналармен кен орындарынан Ақтау портына жеткізіледі, содан кейін Каспий теңізі арқылы танкерлермен тасымалданады. Бұл уақыт алады және сақтау мен күту шығындарын талап етеді. 20 миллион тоннаға дейін жеткізуді ұлғайту үшін инфрақұрылымды жаңғырту қажет болады. Бүгінгі таңда Ақтау порты жылына тек 5–6 миллион тонна мұнайды өткізе алады. Көлемді ұлғайту үшін порттың қуаттылығын үш есеге дейін кеңейту, қосымша қоймалар мен құю терминалдарын салу қажет. Бұл ауқымды капиталдық инвестицияларды талап етеді», - деп атап өтті сарапшы.
Маршрут құнын төмендететін тағы бір нұсқа ретінде Каспий теңізінің түбімен мұнай құбырын жүргізу ұсынылуы мүмкін, бірақ бұған Каспийдің құқықтық мәртебесінің анықталмауы кедергі келтіріп отыр.
«Каспий маңының бес елі арасында келісім болмайынша, мұнай құбырын салу мүмкін емес. Сондықтан Қазақстан танкерлік тасымалдауға мәжбүр, бұл шығындарды едәуір арттырады», - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ сарапшы экспорт көлемін ұлғайту мүмкіндіктерінің шектеулі екенін атап өтті. Үш ірі кен орны — Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ экспорттық мұнайдың шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді. Қалған кен орындары ескірген және біртіндеп сарқылуда.
«Мұнай өнімдеріне ішкі сұраныстың артуы да экспортқа әсер етеді. Қазақстан көбірек мұнайды ішкі нарыққа жіберуге мәжбүр, ал ішкі бағалар айтарлықтай төмен. Бұл экспорт көлемін және елдің табысын азайтады», - деп толықтырды ол.
Сарапшының пікірінше, елеулі шығындарға қарамастан, Қазақстанға мұнай экспортының балама маршруттарын дамыту қажет.
«Біздің экспорттың 98%-ы Ресей аумағы арқылы өтеді. Егер бұл маршруттар бойынша транзит тоқтатылса, Қазақстан экономикасы ауыр жағдайға тап болады. Ел бюджеті жартылай мұнай-газ кірістеріне тәуелді, ал экспорттық табыстың 60%-ы мұнай сатумен байланысты. БТД маршрутын дамыту – сын-қатерді азайтып, экономиканы мүмкін болатын күйзелістерден қорғаудың жолы», - деп атап өтті Абзал Нарымбетов.

KazService мұнай сервистік компаниялар одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірінше, экономикалық және сыртқы факторлар Қазақстанда мұнай өндіруді ұлғайту қажеттілігіне әсер етпейді.
«Бұл шешім тек Қазақстанның мүддесіне бағытталған. Мұнай өндіру біз үшін ең алдымен елдің экономикалық өсуі мен дамуын қамтамасыз етуге қажет. Бүгінгі таңда мұнай саласы — Қазақстанның негізгі табыс көзі. Біз 90 миллион тоннаға жеттік, ал жоспарымыз — 137 миллион тоннаға шығу. Бұл амбициялық мақсат, бірақ оны жүзеге асыруға әбден болады», - деп атап өтті ол.
Сарапшы мұнай тасымалдаудың балама жолдарын іздеуге қарамастан, Қазақстан үшін ең тиімді және сенімді маршрут — Каспий құбыр консорциумы (КҚК) екенін ерекше атап өтті.
«Біз ұсына алатын немесе жүзеге асыра алатын ешбір маршрут КҚК-дан тиімді бола алмайды. Әрине, бізді Ресей тарапынан КҚК-ны жабу туралы байбаламы сияқты сыртқы факторлар алаңдатады. Бірақ әрбір мұнай құбырының өзінің нақты өткізу қабілеті бар. Мысалы, Каспий құбыры жылына 80 миллион тоннаға дейін мұнай өткізе алады. Онда ештеңе болмаса да, біз мұнай жеткізуді жалғастырамыз», - деді Р. Жақсылықов.
Оның айтуынша, Баку-Тбилиси-Джейхан арқылы жаңа маршрут белгілі бір экономикалық сын-қатерлермен тоғысады. Дегенмен, осы тәуекелдерге қарамастан, бұл маршрут мұнай бағасы өскен жағдайда тиімді болып қала береді.
«Егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен болса, Баку арқылы жеткізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болады. Бірақ егер мұнай бағасы 70-80 доллар болса, Баку арқылы жеткізу Қазақстан үшін пайдалы болады. Ақыр аяғында бәрі нарықтағы бағаның өзгеруіне байланысты», - деп түсіндірді Р. Жақсылықов.
Сарапшы Баку арқылы тасымалдаудың жоғары құнына қарамастан, Қазақстанның экономикалық пайда әкелетін маржасы болатынын атап өтті.
«Біз 90 миллион тонна мұнай өндірген кезде Қазақстан экономикасы айтарлықтай жақсарды. Облыс орталықтары қалпына келтірілді және біз экономиканы белсенді әртараптандыра бастадық. Мұнай кірістері жастарға арналған білім беру бағдарламаларын қолдауға, қаржы институттарын ашуға және жаңа экономикалық жобаларды жүзеге асыруға көмектеседі», - деп қорытындылады сарапшы.