Бакуде қазақстандық кино, театр және шығармашылық жобалар таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Бакудегі мәдени фестивальде кино, театр және шығармашылық жобалардағы жетістіктерін, соның ішінде көркем фильмдер, музыкалық драмалар және халықаралық деңгейде танымал ойын жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Бакуде Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) мәдениет және шығармашылық индустрия саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі – ИЫҰ-ның «Baku Creative Week — 2025» ауқымды халықаралық фестивалі өтті. Форумға 50 елден 300-ден астам өкіл мен сарапшы қатысты, шамамен 5 мың адам келеді деп күтіліп отыр. Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі еліміздің қатысуын ұйымдастыру және қолдауға белсенді атсалысты.
Қазақстандық кино күндері аясында төрт фильм көрсетілді – «Мереке» (реж. И. Кәрім), «Дабыл» операциясы» (реж. Р. Сүлейменов), «Жабайы» (реж. Д. Әбілханов) және «Менің атым Қожа» (реж. А. Қарсақбаев). Фильмдердің көрсетілімі Nizami Cinema Center және PARK CINEMA алаңдарында өтіп, көпшіліктің үлкен қызығушылығына бөленді.

Оңтүстік Қазақстанда 1992 жылғы оқиғаларға арналған «Дабыл» операциясы» фильмі көрермендердің ерекше назарын аударды. Ол тарихи мәліметтерінің дәлдігі, драмалық шиеленісі және актерлердің мәнерлі орындауы үшін жоғары бағаланды. Көрсетілімдерден кейін көрермендер актер Бақыт Қажыбаев пен сценарийші Тамерлан Алмановты қоса алғанда қазақстандық делегациямен фильмдердің көркемдік және мәдени аспектілерін талқылауға мүмкіндік алды.
Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театрында қоюшы режиссер Асхат Маемировтың жетекшілігімен Астана қаласы әкімдігінің жастар музыкалық театры орындаған Қанат Жүнісовтің «Әміре» музыкалық драмасының қойылымы өтті. Бұл қойылым көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың Париждегі «ЭКСПО» Дүниежүзілік көрмеде өнер көрсетуінің 100 жылдығына арналған. Көрермендер қойылымды музыканың үйлесімі, сахналық хореография және терең драмалық дамуы үшін жоғары бағалады. Актер Оразалы Игілік басты рөлді сомдады. G-HUB саммиті аясында өткен Turkic Game Jam 2025 финалында Almaty Creative Hub-та өткен Алматы хакатоны жеңімпаздарының жобалары таныстырылды.

Murakami Kult және Teqesh командалары өздерінің ойын әзірлемелерін халықаралық қазылар алқасы мен 50-ден астам елден келген сарапшыларға көрсетті, бұл Алматы ойын индустриясының жоғары деңгейде дамып жатқанын растады.

Women’s Creativity Forum қатысушылардың ерекше назарын аударды, онда қазақстандық әйел кәсіпкерлер мен дизайнерлер цифрландыру, инновациялар, жастарды қолдау және мәдени кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады. Форум Қазақстан, Бахрейн, Өзбекстан және басқа да елдерден қатысушыларды жинап, шығармашылық салаларды дамытудағы әйелдердің ықпалының артуын атап өтті.
Баку фестивалінің бағдарламасына MYFORUM мәдени және шығармашылық индустриялар форумы, MYEXPO Creative Village көрмесі, Baku Cinema Breeze 2025 кинобағдарламасы, Шығыс сән көрмесі, G-HUB саммиті және басқа да мәдени іс-шаралар кірді.
Қазақстандық делегация барлық негізгі платформаларға белсенді қатысып, панельдік талқылауларға үлес қосты және елдің кино, театр, сандық технологиялар, ойын дизайны және шығармашылық салалардағы әлеуетін көрсетті.
Бұған дейін Azerbaijan Fashion Week-те қазақстандық топтама халықаралық подиумның сәнін келтіргенін жазған болатынбыз. Халықаралық іс-шара Ұлы Жібек жолы тақырыбына арналды.