Бақытжан Сағынтаев білім реформалары жайлы: Қоғам пікірін ескеру қажет
«Мемлекет басшысы жақында еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын бекітті. Осы жоспарда білім жүйесі арқылы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір жаңа бағдарламалар дайындалуда. Оқулықтар әзірленуде. Мұғалімдердің жалақысы өсіп келеді. Мұның барлығы білім беру сапасына ықпал етуі тиіс. Дегенмен, білім саласында атқарылып жатқан процестердің барлығына қоғамдық түсінбеушіліктер бар», - дейді Премьер-Министр Үкімет отырысында.
Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, ата-аналар, Парламент депутаттары тарапынан бұл бағытта сындар айтылып жатыр.
«Оны Ерлан Кенжеғалиұлы (Білім және ғылыми министрі - авт.) өзіңіз де біліп отырсыз. Бұл жерде атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде дау туғызып отырғаны - реформалардың сапасы. Жылдан жылға қайталанатын мәселе - бұл оқулықтардың жеткілікті деңгейде сапалы жасалмауы немесе жеткізілмеуі. Осыған аса көңіл бөлу қажет. Бұған Ерлан Кенжеғалиұлы, жеке өзіңіз жауап бересіз. Және біздің атқарып жатқан жұмыстардың деңгейіндегі мұғалімдердің және қоғамның пікірін ескеруіміз қажет. Егер де біз қоғамдық талқылау жасамайтын болсақ, үнемі осындай түсінбеушілікке тап боламыз. Сондықтан да ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын», - деді Бақытжан Сағынтаев.