Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым – травматолог

- Алдымен еліміздегі травматология саласының дамуы жөнінде айта кеткеніңіз артық болмас.
- Орта ғасырда травматология мәселесіне Әбу Әли ибн Сина көп көңіл бөлген. Оның «Дәрігерлік ғылымның каноны» деп аталатын медициналық энциклопедиясы бар. Аталған еңбекте әртүрлі жарақат, сынық, буынның шығуы сипатталып, оларды емдеу жолдары баяндалған. Ибн Сина өз еңбектерінде кейбір жекелеген травматологиялық құралдарды қалай пайдалануды қарапайым сөздермен түсіндіріп, көркем суреттермен бейнелеп көрсеткен. Орта ғасырларда дәрігерлер қол-аяқ сынғанда гипс қоспасын пайдаланды. Осы әдіс күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Осы кезеңдегі еуропалық дәрігерлер де сынықты емдеуде үлкен жетістікке жетіп, өздерінің емдеу әдістерін жазып қалдырған.
Травматологияның Қазақстанда дамуына 1958 жылы қазіргі Қазақ ұлттық медицина университетінде осы аттас кафедраның ашылуы себеп болды.
- Медицина саласын таңдауыңызға кімнің әсері болды? Ата-анаңыз қай салада қызмет етті?
- Ата-анамның бұл салаға қатысы жоқ. Ол кісілер теміржол саласында жұмыс істеді. Әкем Төлепберген Бекпанов 30 жылдан астам Қызылорда теміржол депосының тепловоз машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Анам Жазық көп жыл бойы темір жолдың сауда саласында қажырлы еңбек етті. Көпбалалы отбасында тәрбие алдым. Отбасында төрт ұл, төрт қыз бар.
Мен бала кезімнен дәрігер болуды армандаған едім. Ол кезде медициналық институтқа түсу оңай болған емес. Алдымен кезекте Ж.Жабаев атындағы орта мектепте білім алдым. Одан кейін әскери борышымды өтеп келдім. 1986-88 жылдары Кеңес әскерінің шектеулі контингенті қатарында Ауғанстанның Лашкаргах қаласында арнайы мақсаттағы бригаданың №22 әскери бөлімінде қызмет еттім. Мемлекеттік наградалармен, «Ауғанстан халқының ризашылық білдіргені», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен және көптеген марапатқа ие болдым.
- Жоғары оқу орнына түсе алдыңыз ба?
- Елге келгеннен кейін де бірден медицина институтына оқуға түсуге мүмкіндік болған жоқ. Қызылорданың өнеркәсіптік ұйымдарында жүргізуші болдым. 1990 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының дайындық курсына қабылдандым. Одан кейін аталған жоғары оқу орнына түстім. Аяқтағаннан кейін 1997 жылы кәсіби еңбек жолын Қызылорда медициналық колледжінде оқытушы болып бастадым. Кейін он жылдай колледж директорының орынбасары болдым.
Одан әрі 2007-2012 жылдары №1 қалалық емханада травматолог-хирург, 2012-2018 жылдары қалалық ауруханада травматолог-дәрігер, бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс істедім. Сол жылдары Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстары бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің штаттан тыс сарапшысы болдым. Содан кейін бірнеше жыл №3 қалалық емханада еңбек етсем, қалалық әскери комиссариаттың медициналық комиссиясының төрағасы болдым.
2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалында бас сарапшы болып жұмыс істеймін.
Еңбегім еленіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының алғыс хаттарымен марапатталдым. 2014 жылы «Үздік тәуелсіз сарапшы» номинациясының иегері атандым.
- Отбасында өзіңізден басқа жұбайыңыз, балаларыңыз медицина жолын таңдаған екен. Оған өзіңіздің әсеріңіз болды ма?
- Иә, отбасымда барлығы осы сұранысқа ие мамандықты таңдады. Студенттік жылдары жұбайым Әлия Әбілдашевамен шаңырақ көтердім. Ол еңбек жолында орталық қалалық емхананың кардиолог-дәрігері болып жұмыс істеп келеді. Тұнғышымыз Мақсұт - стоматолог, киелі Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген. Қазір сол жоғары оқу орнының стоматология кафедрасында студенттерге дәріс береді. Оған қоса стоматологиялық емханада халыққа қызмет көрсетіп отыр. Отбасылы. Жары Айжан да тәжірибелі дәрігер. Екеуі Әзима және Бақберген есімді ұл мен қыз тәрбиелеп отыр. Екінші ұлым Мағжан мен кенжем Жасұлан С.Асфендяров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алып жатыр.
- Қазір қандай қызмет атқарасыз?
- Көп жылдық тәжірибемді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысында қолданып келемін. Облыстық филиалда тәжірибелі дәрігер Бақыт Исмаханбетовтың жетекшілігімен 35 маман жұмыс істейді. Облыстық филиалда медициналық көмек көрсету сапасын бағалау және шарттық міндеттемелерді бақылау бөлімі бар. Мұнда 12 кәсіби дәрігер жұмыс істейді. Олар халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін қадағалайды. Бұл әрбір медицина қызметкерінің жұмыс қағидасы болуы тиіс.
- Әңгімеңізге рақмет