Балабақша кезегі 85%-дан астам қысқарды — Оқу-ағарту министрлігі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 2-6 жастағы балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнара Искакова мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, мұндай нәтижеге ваучерлік қаржыландыру тетігін енгізу арқылы қол жеткізілген.
— Жаңа механизмді енгізу нәтижесінде 2-6 жастағы балалардың балабақша кезегі 160 мыңнан 23 мыңға дейін қысқарып, 85,6%-ға төмендеді, — деді департамент директоры.
Ваучерлік қаржыландыру Қазақстанда 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Жүйе «ақша баланың соңынан ереді» қағидатына негізделген және ата-аналарға мектепке дейінгі ұйымды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Пилоттық жоба барысында балабақшаны еркін таңдау, күту парағы, баланың нақты қатысуына қарай қаржыландыру және мәліметтердің дұрыстығын тексеретін тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген.
Қазір пилоттық жоба 20 қала мен 23 аудандағы шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйымда іске асырылып жатыр. Осы уақытқа дейін 1,2 млн-нан астам ваучер берілген.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылдың соңына дейін тағы 68,2 мың балабақша орны ашылатыны хабарланды.