Балабақша ваучерлері арқылы үнемделген 35 млрд теңге қайда жұмсалды — министрлік жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасын іске асыру нәтижесінде 35 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнара Искакова мәлімдеді.

жалақы
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Министрлік мәліметінше, қаражат пайдаланылмаған және қабылданбаған ваучерлерге, сондай-ақ тексеру кезінде жойылған ваучерлерге төлем жасалмауы есебінен үнемделген. 

— Үнемделген қаражат бюджетке қайтарылған жоқ. Ол ваучерлік қаржыландыру аясында жаңа ваучерлер беруге, яғни оған нақты қажеттілігі бар балаларды қаржыландыруға бағытталды, — деді спикер.

Ваучерлік жүйеде балабақшаға төлем баланың мектепке дейінгі ұйымға нақты барғаны ата-ана тарапынан расталғаннан кейін жүргізіледі. Ал мәліметтердің дұрыстығын тексеру және ықтимал заң бұзушылықтарды анықтау үшін тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады. Тексеру тоқсанына бір рет жүргізіліп, жалған контингент пен фиктивті жазбаларды анықтауға мүмкіндік береді.

Қазір ваучерлік қаржыландыру пилоты 20 қала мен 23 аудандағы шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйымда іске асырылып жатыр. Жоба аясында 1,2 млн-нан астам ваучер берілген.

Айта кетейік, бұған дейін ваучерлік жүйенің арқасында балабақша кезегі 85%-дан астамға қысқарғаны хабарланды.