Балаға зәбір көрсеткен: Оралда балабақшадағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы балабақшада болған келеңсіз оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, қазіргі кезде оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
— Орал қаласындағы балабақшада баланың зәбір көруіне қатысты, ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігіне (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын баланың зәбір көруіне байланысты Оралда балабақша қызметкері жұмысынан босатылғанын жазған едік.
Онда «Montekids» балабақшасында болған оқиғадан кейін ата-ана шағымы қаралып, әкімгер қызметінен шеттетіліп, тәрбиешінің жұмыстан босатылғаны хабарланды. Орал қаласы білім беру бөлімі тарапынан қызметтік тексеру жүргізіліп, барлық бейнежазба мен материал тиісті тергеу органдарына жолданды.