13:10, 13 Қыркүйек 2023 | GMT +5
Балаға зорлық-зомбылық жасау деректерін жасырғаны үшін қолданылатын жаза қатаңдатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат –Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде мектептерде «жеке қауіпсіздік» сабағы енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап мектеп мұғалімдерін зорлық-зомбылықтан қорғау және алдын алу тәсілдеріне оқыту, ішкі істер органдары қызметкерлерін оқыту басталады. Заңнама бөлігінде «мектепішілік есеп» ұғымын заңға енгізу, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерін балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жоспарланып отыр», - деді вице-министр.
Бұл шараның бәрі білім беру ұйымдарын қауіпсіз ортаға айналдыруға бағытталған кешенді жоспар аясында іске аспақ.
«Мектептерде «жеке қауіпсіздік» сабақтарын енгізудің маңыздылығын көріп отырмыз. Бұл сабақтар оқу жылында және жыл бойынша бірнеше рет қайталау арқылы балаларды қарапайым тақырыптардан тұратын қауіпсіздік шараларына үйретеді», - деді Еділ Оспан.
Осыған дейін мектептерде буллингке қарсы бірыңғай бағдарлама енгізілетіні хабарланды.