Балаларды өрттен құтқарған әскери қызметші Ғазиз Байтасов атындағы медаль алды

АСТАНА. KAZINFORM — Екі баланың өмірін сақтап қалған ұландық Республика күні қарсаңында марапатқа ие болды.

Балаларды өрттен құтқарған әскери қызметші Ғазиз Байтасов атындағы медаль алды
Фото: Ұлттық ұлан

Республика күні қарсаңында Ішкі істер министрлігінде және Ұлттық ұланның 5573 елордалық бригадасында мерекелік іс-шаралар өтті. Салтанатты шара барысында әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Табыстау рәсімдері — батылдықты, жанқиярлық пен қызметтік борышқа адалдықты мойындау болды.

Балаларды өрттен құтқарған әскери қызметші Ғазиз Байтасов атындағы медаль алды
Фото: Ұлттық ұлан

Ішкі істер министрлігінде мемлекеттік наградаларды ведомство басшысы полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов тапсырды. Ішкі істер министрі құттықтау сөзінде құқық қорғаушылардың қазіргі ұрпағы ант пен Отанға адалдық таныта отырып, аға буынның игі дәстүрлерін лайықты түрде жалғастыратынын атап өтті.

Марапатқа ие болғандардың бірі — 5517 әскери бөлімінің бөлімше командирі ефрейтор Армат Әбілғалиев. Ол 2026 жылдың мамыр айында Қазақстан Президенті тағайындаған «Ғазиз Байтасов» атындағы медальмен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері арасында алғаш рет марапатталып отыр. Әскери қызметші өртеніп жатқан пәтерге кіріп, екі баланы қауіпсіз жерге дер кезінде алып шыққан.

Балаларды өрттен құтқарған әскери қызметші Ғазиз Байтасов атындағы медаль алды
Фото: Ұлттық ұлан

Сондай-ақ, полковник Шухратбек Халбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал аға сержант Бауыржан Маринбаев, подполковник Бақыт Ташкенбаев және ефрейтор Шарапат Сағыновқа «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі берілді. Олардың әрқайсысы қызметтік міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ адамдарға көмек қажет болған жағдайларда кәсіби шеберлік пен табандылық танытқан.

Ішкі істер министрінің және Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрықтарымен бірқатар әскери қызметшілер мен полиция қызметкерлері наградаларға ұсынылды. Сонымен қатар, қызметімен ерекшеленгендерге кезекті әскери атақтар мен грамоталар да табыс етілді.

Балаларды өрттен құтқарған әскери қызметші Ғазиз Байтасов атындағы медаль алды
Фото: Ұлттық ұлан

Мерекелік бағдарламаны Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің концерті аяқтады. Әскери өнерпаздар патриоттық әндер орындап, Отанға, халық бірлігі мен Қазақстанға деген сүйіспеншілікке бағытталған қойылымдар ұсынды.

Концерт Республика күнімен құттықтаудың музыкалық үлгісіне айналды және іс-шараның салтанатты атмосферасын толықтыра түсті.

Бұған дейін әнші Рухия Байдүкенова «Құрмет» орденімен марапатталғанын жазғанбыз.