Балалардың психологиялық қауіпсіздігіне басымдық беріліп отыр – Ерлан Қалмақов

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Оқу-ағарту министрлігі балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатына баса мән беріп отыр. Бұл туралы Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Қалмақов Ерлан Болатұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді. 

Балалардың психологиялық қауіпсіздігіне басымдық беріліп отыр – Ерлан Қалмақов
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

БАҚ өкілдері тарапынан мектептерде болған бала өліміне қатысты өткір сұрақтар қойылды. Соның ішінде тәрбие жүйесінің тиімділігі мен «Досбол Like» жобасының шынайы нәтижесі жайлы мәселелер көтерілді.

«Біртұтас тәрбие бағдарламасы мен «Досбол Like» жобасы нақты нәтиже бере алып жатыр ма?» деген сауалға жауап берген ведомство өкілі қазіргі таңда басты назар психологиялық қолдауға аударылғанын жеткізді. 

– Бұл – өте күрделі әрі жан ауыртатын мәселе. Министрлік пен білім беру ұйымдары тарапынан бірқатар нақты шара қолға алынды. Ең бірінші кезекте оқушыларға психологиялық көмек көрсету күшейтілді. Ел бойынша 20 өңірде психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Олар балалар арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізіп отыр, - деді Ерлан Қалмақов.

Сонымен қатар «Досбол Like» жобасы жайлы да түсініктеме беріп, бағдарлама былтыр 50 мектепте пилоттық режимде іске қосылғанын атап өтті. 

– Сарапшылар жобаның оң әсерін көріп келеді. 2025-2026 оқу жылынан бастап оны барлық мектепте енгізу көзделіп отыр. Бағдарлама тек оқушы мен мұғалім емес, ата-аналар арасындағы байланысты да жақсартуға бағытталған. Бұл жылдам шешіле қоятын мәселе емес. Уақыт пен жүйелі жұмыс қажет, - деді департамент басшысы. 

Брифинг барысында журналистер мектептегі буллинг тақырыбын да көтерді. Осыған байланысты қандай зерттеулер жүргізілгені туралы сұраққа Ерлан Қалмақов былай деп жауап берді. 

– Бұл мәселеге қатысты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ғылыми-практикалық орталығы жұмыс істейді. Орталық мектептерде балалардың психологиялық жай-күйін зерттеп, сауалнамалар мен басқа да әлеуметтік зерттеулер жүргізіп отырады. Оның нәтижелері бойынша тиісті ұсыныстар әзірленеді, - деді ол.

Бұған дейін еліміздің 9 өңірінде мектепте буллингтің алдын алуға және оны азайтуға бағытталған отандық «ДосболLIKE» бағдарламасының апробациясы сәтті аяқталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар