Балалармен ұшуға қандай талаптар мен жеңілдіктер ұсынылады
АСТАНА. KAZINFORM — Әуе компаниялары кәмелетке толмаған жолаушыларды тасымалдау үшін нақты қандай шарттар белгілеген? Қай жаста қандай құжат қажет, балаларға қандай талаптар қойылған, билет бағасы қалай есептелетіні жөнінде Көлік министрлігі мәлім етті.

Балаларды сүйемелдеу тәртібі:
-
0–6 жас: Тек ересек жолаушымен бірге ұша алады.
-
6–16 жас: Тек әуе компаниясы «Кәмелетке толмаған баланы алып жүру» қызметін рәсімдеген жағдайда өз бетінше ұша алады.
-
Баланың ата-анасы (немесе заңды өкілі) жазбаша өтініш бергеннен кейін ғана бала жалғыз ұша алады.
-
Кәмелетке толмаған баламен ұшатын ересек адамның қолында баланың туу туралы куәлігі және туыстықты/заңды өкілеттілікті растайтын құжат болуы тиіс.
-
Сағат 23:00–06:00 аралығында кәмелетке толмағандар ата-анасынсыз, заңды өкілсіз ұшаққа отырғызылмайды (ҚР «Баланың құқықтары туралы» Заңына сәйкес).
-
Жалғыз ұшатын балаға билет кемінде 5 күн бұрын брондалуы тиіс.
-
Бала тіркеліп, ұшақта арнайы қауіпсіз орынға жайғасады.
-
Ұшу алдында ата-аналар рейс кешігуі мүмкін екенін ескеріп, баламен бірге әуежайда қалуы тиіс.
-
Ұшақ қонғаннан кейін баланы әуежай қызметкері қарсы алады, құжаттар тексерілген соң ол тек жеке куәлігі бар ересек адамға тапсырылады.
Балалар үшін билеттің құны:
- Ересек жолаушының сүйемелдеуімен халықаралық және ішкі рейстерде 2 жасқа дейінгі балалар тегін тасымалданады (бөлек орынсыз және тегін багажсыз).
- 2 жасқа дейінгі балалар халықаралық немесе ішкі рейстерде бөлек орындықпен тасымалданатын болса, тиісті қалыпты тарифтің 50% төленеді.
- Халықаралық рейстерде 2 жасқа дейінгі екінші және одан кейінгі кәмелетке толмағандар үшін де тиісті қалыпты тарифтің 50% төленеді.
- 2 жастан 12 жасқа дейінгі балалар халықаралық рейстерде, 2 жастан 15 жасқа дейінгі ішкі рейстерде ересек жолаушының сүйемелдеуімен тиісті қалыпты тарифтің 50% мөлшерінде тасымалданады.
- Жасына қарамастан, әуебилет құнының тиісті қалыпты тарифтің 50% төленген әрбір кәмелетке толмаған жолаушыға бөлек орын беріледі және багажды тегін алып жүруге рұқсат беріледі. Тегін жолжүк нормасынан асатын жолжүк тариф бойынша төленеді.
- Бала ата-анасының тізесінде ұшатын болса да, оны брондау кезінде қосу және тіркеу кезінде оған отырғызу талонын алу керек екенін есте ұстаған жөн.
Еске сала кетейік, бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясының салғырттығынан егіздің сыңары ұшақтан қалып қойғанын жазған болатынбыз.
Осы оқиға бойынша әуекомпаниясы Зеренің анасына 5 млн теңге айыппұл төледі.