Баланы заңсыз жұмысқа тартқандарға қандай жауапкершілік бар
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқығын қорғау комитеті Астанада балаларға қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинау фактісіне қатысты түсінік берді.

— Астанада жасөспірімдердің қайырымдылыққа ақша жинау жәшіктерімен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кәмелетке толмағандардың кез келген қызметі, оның ішінде волонтерлік, Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында ғана жүзеге асырылуы тиіс, — деп ескертеді комитеттен.
«Волонтерлік қызмет туралы» заңға сәйкес:
— волонтер 18 жасқа толған азамат болуы тиіс;
— 18 жасқа толмағандар волонтерлікпен тек олардың денсаулығына, біліміне және дамуына зиян келтірмейтін жағдайда ғана айналыса алады;
— 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін ата-анасы немесе заңды өкілінің атынан жазбаша келісімі қажет.
— Кәмелетке толмағандардың еңбегі Еңбек кодексімен реттеледі. Жұмыс беруші еңбек шартын міндетті түрде жасасуы тиіс, бағынбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал балаларды заңмен тыйым салынған жұмыс түріне тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 132-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарды заңға қарсы әрекетке тартуға тыйым салынады. 2024 жылы аталған бап бойынша 23 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, — делінген ресми ақпаратта.
Осы орайда Балалардың құқығын қорғау комитеті волонтерлік шараны ұйымдастырушылар мен жұмыс берушілерді бала қауіпсіздігін, денсаулығы мен құқығын қамтамасыз ету үшін заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Бұған дейін Астанада балаларға «қайырымдылық» желеуімен көшеде 340 млн теңге қаржы жинатқаны туралы жазған едік.