Баланың қатарластарынан қысым көріп жүргенін қалай білуге болады
АСТАНА. KAZINFORM – Білікті психолог Жанар Сейітмағамбет баланың қатарластарынан қысым көріп жүргенін анықтау жолдарын айтып берді.

– Балалардың арасындағы буллинг, яғни қысым көрсету мен мазақтау – үлкен алаңдаушылық тудырады. Ең әуелі баланың психологиялық жағдайын назар аудару керек. Ата-анасы баласымен күнде сөйлесетін болса, күнделікті өзін қалай ұстайтынын, қандай әрекеттер жасайтынын білуі керек. Егер бала қандайда бір қысым көріп жүрген болса, оның көңіл-күйінен өзгеріс байқалады. Мазасыздық, ұйқысыздық белгілері де болады. Содан кейін мектепке бармаймын, басқа мектепке ауысайын деп қашқақтай бастайды. Не болмаса, мектепке кеттім деп, басқа жақта жүреді, - деді Жанар Сейітмағамбет «JibekJoly» арнасындағы «БүгінLive» бағдарламасында.
Психолог маман мұндай жағдайда баламен қалай сөйлесу керектігін, әрі тығырықтан қалай шығуға болатынын айтты.
– Бірінші кезекте – бала тәрбиесіне назар аудару керек. Оның бойына сенімділік ұялататын сөздер айтып, жігерлендіріп отыру керек. Жоғарыда айтып өткенімдей, баланы мектептен-мектепке ауыстырып жүре алмайсыз ғой. Сондықтан баланың ішкі дамуына көп көңіл бөлген жөн. Ата-аналар көп жағдайда баласын қорқытып, ұрсып өсіреді. Бұны отбасындағы қысым деуге болады. Одан кейін бала үйде де сыртта да ашыла алмай, жасқаншақ бола бастайды. Өзін бәрінен төмен санайды. Бала ата-ананың қолдауын үнемі сезіп тұруы керек, - деді психолог.
Маман пікірінше, өзінің құнды екенін білген бала – басқа баланың да құнды екенін біледі.
Бұған дейін, Солтүстік Қазақстан облысындағы олимпиадалық резерв мектебіндегі буллингке байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірқатар шара қабылдағанын жазған едік.