Баласы аулада боқтаса, ата-анаға айыппұл салынады – ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Балалар көшеде боқтап, бейәдеп сөз айтса, ата-анасы айыппұл төлейді. Ішкі істер министрлігі заңнама жағын түсіндірді.

Бейәдеп сөз айту – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық.
Егер бала боқтап немесе бұзақылық жасаса – жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Айыппұл мөлшері баланың жасына байланысты:
- 14–16 жас – ата-анасына 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 27 524 теңге айыппұл салынады (ҚР ӘҚБтК 435-бап).
- 16–18 жас – жасөспірімнің өзіне айыппұл салынуы мүмкін, бірақ табысы болмаса, ата-анасы төлейді. 10 АЕК-ке дейін, яғни 39 320 теңге (ҚР ӘҚБтК 66-бап).
- 12 жасқа дейін – толық жауапкершілік ата-анада. 10–15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады (39 320 – 58 980 теңге) (ҚР ӘҚБтК 127-бап).
Кінәні дәлелдеу үшін полицияға келесі материалдарды ұсыну керек:
- куәгерлердің арыз-шағымы;
- бейне немесе аудиожазба;
- интернетте немесе жазбаша түрдегі қорлау жағдайына қатысты сараптама қорытындысы.
Еске салайық, елімізде пранк үшін 7 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Осы орайда блогерлер мен халық нені білуі керектігіне шолу жасаған едік.