Баласын арқалай жүріп жауға оқ жаудырған партизан әйел

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жау тылында қалған өңірлерде партизандық күреске қатысқандардың бірі — сырбойылық Тұрғаш (шын есімі — Тұрғанбике) Жұмабаева.

а
Фото: Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі

Майдангердің шырғалаңға толы өмір жолы туралы соғыс тақырыбында бірнеше кітап жазған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рысбай Кәрімов айтып берді. 

Биографиясына үңілсек, Тұрғаш Жұмабаева 1922 жылы Жалағаш қыстағында туып, осындағы мектепте оқыған. Алайда отбасылық жағдайға байланысты жоғары білім алу мүмкін болмады.

Есесіне сол жылы Белоруссиядағы әскери қызметінен демалысқа елге келген Батырхан Қаражігітовпен танысып, табысты.

Үйлену тойын өткізгесін күйеуі қызмет атқаратын Белоруссияның Батыс әскери округіне аттанып, сонда орнығып, 1940 жылы ұлды болды. Тек бұл қуанышты соғыс бұлты сейілтті. 

— 1941 жылғы 22 маусым күні таңғы сағат 4-те әскери дабылмен жұмысқа кеткен Батырхан көп ұзамай Тұрғаштың тез арада елге қайтуын өтінген. Бірақ сол кездің өзінде олар жау қоршауында қалып қойған еді. Адам түсініп болмайтын аласапыраннан әскери қалашықты тастай қашқан тұрғындар Лугайск орманын паналауға мәжбүр болды. Олардың арасында әскерилер, шенді командирлер, сержанттар мен қызыл әскерлер, өз бөлімшелерінен қалып қойған немесе адасып кеткен саяси қызметкерлер де аз емес. Сол қатардағы № 2 атқыштар дивизиясының көшпелі баспахана бастығы, аға саяси жетекші Уәли Оразбаев босқындарды жинап, жасырын қарулы топқа қосады. Күйеуінен хабар ала алмай алаңдаулы күйге түскен Тұрғаш ұлын біресе арқалап, біресе қолына ұстап бұйрық бойынша қимылдайды. Тұрғаш Жұмабаева — Белоруссиядағы партизан қозғалысына қатысқан 1500 отандасымыздың бірі. Ол азғантай уақытта радиотехника мен неміс тілін жетік меңгеріп алған. Командиріне құпия мәліметтерді шифрлап, өте маңызды әрі қажет ақпаратты жеткізіп отырған, — дейді Рысбай Кәрімов. 

а
Фото Рысбай Кәрімовтың жеке мұрағатынан

Ұлын арқасына байлап алып, жауға оқ жаудырған қазақ қызының ауылдастарына арнап жазған мына хаты жүрек тебірентпей қоймады. 

— Жан алып, жан беріскен шайқас. Бораған оқтан тасалай шегініп келеміз. Бір кезде арқамдағы бала бірден ауырлап кетті. Не болғанын түсіне алмадым. Жүрегім бір жамандықты сезгендей тулай жөнелді. Бірақ оған қарайтын шама жоқ. Ізімізде өкшелей қуған ит ерткен неміс автоматшылары, тек құтылуды ойлап келеміз. Жанталаса соғысып жүріп жаудан қара үздік. Отрядқа келгесін қаруластарыма «арқамдағы бала қимылдамайтын сияқты, шешіп алып, көріңіздерші» дедім. Сөйтсем, жау оғы тиіп, о дүниелік болып кеткен екен, — делінген жазбада. 

Рысбай Кәрімовтің айтуынша, ерлі-зайыпты майдангер 1945 жылы туған жеріне оралған.

Алайда Тұрғаш Жұмабаеваның денсаулығы сыр беріп, 1947 жылы небәрі 25 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

Ол жеті мәрте ірі шайқасқа қатысып, соның бәрінде батылдығымен көзге түсіп, «Ерлігі үшін», «І дәрежелі партизан», «ІІ дәрежелі Ұлы отан соғысының партизаны» медальдарымен марапатталған.

Айта кетейік, Қызылорда облысының архивінде 1941-1945 жылдар аралығында дала поштасынан келген хаттар сақтаулы.

Соңғы жаңалықтар