Баласы үшін бүйрегін берді - Ақтөбе
Отбасындағы төрт баланың кішісі Қанағат бес жасынан бастап ауыра бастайды. Дәрігерлер кішкентай Қанағатқа «туабітті бір бүйрегі жоқ» деген диагноз қойып, бақылауға алады. Қанағатқа бүйректің қызметін атқаратын жасанды түтікше қойылады. Әрбір алты сағат сайын жасанды түтікше арқылы денеге қажетті дәрі жіберіліп тұрады. Бауыр еті баласының осындай халіне алаңдаған ата-ана Ақтөбе мен Астананың арасын жол қылып, қалайда қызының сауығып кетуінің амалдарын іздеді.
Қанағаттың ата-анасы Беркін мен Кәмшатқа дәрігерлердің соңғы кеңесі -«Балаңызды бұл дерттен тек трансплантация ғана құтқарады. Яғни, сау адамның бүйрегін салу керек». Мұны естіген Беркін өзінің бір бүйрегін беруге келісімін береді. Отбасында отағасы Беркін жұмыссыз. Кәмшат - Құйлыс ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда мейірбике. Бір отбасында бір өзі ғана жұмыс жасайтын Кәмшат баласын емдету үшін несие де алды. Сонда да, «қысқа жіп күрмеуге келмеген» соң, облыс орталығынан шығатын «Диапазон» газеті арқылы жомарт жандардан көмек сұрайды. Хабарласып, көмек қолын созғандар болды. Сөйтіп, өткен жылдың 26 ақпанында Қанағат пен әкесі Беркінге Астана қаласындағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» клиникасында трансплантациялық ота жасалды. Астаналық білікті дәрігерлердің арқасында ота сәтті шықты. Отадан кейін бір ай дәрігерлердің бақылауында болған Қанағат өзінің туған ауылына, достарына наурыз айында келді. Маман дәрігерлердің қатаң бақылауындағы Қанағат қазіргі күні облыс орталығында тұрып жатыр. Ақтөбе қаласында үйден білім алып жатқан Қанағат жуырда қысқа каникулға өзінің туған ауылы Құйлысқа келді. «Ендігі мақсатым - сабағымды жақсы оқып, ата-анамның үмітін ақтау. Өскенде дәрігер болуды қалаймын», - дейді ол.