Балқан математикалық олимпиадасында қазақстандық төрт оқушы үздік атанды

АСТАНА. KAZINFORM - Солтүстік Македонияда жасөспірімдерге арналған Балқан математикалық олимпиадасы (JBMO) мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Балқан математикалық олимпиадасында қазақстандық төрт оқушы үздік атанды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан құрамасы жарысқа қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже көрсетіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Командалық есепте 24 ел қатысушыларының арасында қазақстандық оқушылар екінші орынды иеленді.

Жеңімпаздар:

Ануар Ағыбаев – Алматы қаласындағы NurOrda халықаралық мектебінің 9-сынып оқушысы;

Александр Олейников – Алматы қаласындағы NurOrda халықаралық мектебінің 9-сынып оқушысы;

Жәңгір Болат – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 8-сынып оқушысы;

Батырхан Бейғанов – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 9-сынып оқушысы;

Нұртай Мәлік – Ақтөбе облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;

Мирас Кеңесбек – Қарағанды облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.

Құраманың жетекшілері: Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Сергей Полянских және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Перизат Саутбекова.

Анықтама үшін: JBMO – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған беделді халықаралық олимпиада. Қатысушы елдердің қатарында Албания, Болгария, Грекия, Румыния, Сербия және басқа да мемлекеттер бар. Қазақстан бұл додаға 2004 жылдан бері қатысып келеді және дәстүрлі түрде үздіктер қатарында. Өткен жылы Түркияда өткен олимпиадада команда 6 медаль жеңіп алған болатын.

Осыған деін білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің ұлттық саясаты әзірленетіні туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар