Балшыққа батқан ақтөбелік оқушы жол мәселесін шешуді сұрады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы №40 орта мектеп оқушысы әкімдікке бейнехабарлама жолдады. Ол күніне бірнеше рет мектепке баратынын, жолдың балшығы қиынға соққанын айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе қаласының тұрғындары көктем мен күзде жол азабын тартып жүр. Әсіресе қала ішіндегі кейбір жолдар оқушылар үшін қиынға соғып тұр. Көктем мен күзде балшыққа батқан оқушы қала әкімі Ілияс Испановқа бейнехабарлама жолдады.
«Менің есімім Аида. Мен Ақтөбе қаласының Пожарский көшесінде тұрамын. Күн сайын мектепке барар кезде аялдамаға жету жайын ойлаймын. «Қалай жүргенде аяғым балшық болмайды, киіміме су шашырамайды» деп алаңдаймын. Қала әкімі Ілияс Сапарбекұлы, балшық болмай мектепке жету мүмкін болмайтынын көрсеткім келді. Біздің үйге көлікпен бару да қиын. Жолдың шұңқыры көп. Менің інілерім де №40 орта мектепте оқиды. Мектепке бару үшін гимнастикамен шұғылдану керек. Сол кезде суды аттап өтуге, балшықтан секіруге болады. Біздің ауданның проблемасына назар аударуыңызды сұраймын»,- деп хабарлама қалдырды мектеп оқушысы Аида.
Бұл бейнехабарлама Ақтөбе қаласы әкімдігі қызметкерлеріне жетті. Ақтөбе қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руслан Төреғалидің айтуынша, Ақтөбе қаласында 1600-ден астам тұрғын үй болса, аула ішіндегі жолды қалпына келтіру жұмысы 2009 жылы басталды. Қазіргі кезде 400 аула жөнделді. Жұмыс алда жалғасады.
«Әлеуметтік желіге шыққан хабарламаны көрдік. Кезек бойынша жөнделеді. Ол оқушы келер жылды күтуі керек. Пожарский көшесі 2018 жылы жөнделеді. Биыл ауа райы күрт өзгеріп, жөндеу жұмыстары аяқталды»,- деді Руслан Төреғали.
Видеообращение к акиму города Актобе от ученицы 9 класса и жительницы района Шанхай. О проблемах дорог и тротуаров. #zello_aktobe