Балтық теңізінің түбінде 60 мың тоннаға жуық қару жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Балтық теңізінің түбіне 40 000-нан 60 000 тоннаға дейін химиялық қару тасталған. Бұдан бөлек, жүздеген мың тонна әскери миналар сынды қару-жарақтар су астында жатыр. Бұл туралы Еuronews жазды.

Балтық теңізінің түбінде 60 мың тоннаға жуық қару жатыр
Фото: Рress.lv

Ақпарат агенттігінің жазуына сүйенсек, қарудың екі түрі де уытты, алайда оларды жою халықаралық құқық нормаларына сәйкес қиындық тудыруы мүмкін.

Балтық теңізінің түбі — соғыстардың теңіздерді қалай ластайтынының бір ғана мысалы. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тек осы теңіздің өзінде 40 000–60 000 тонна химиялық қару қалдырылған.

Алайда Польша Ғылым академиясының Мұхиттану институтындағы теңіз экожүйелеріне төнетін заманауи қауіптер зертханасының биологы доктор Михал Чуб Euronews-ке берген сұхбатында әлеуетті түрде кем түспейтін уыттылығы бар кәдімгі қару-жарақ көлемі де орасан екенін айтады. Дегенмен бұл қосылыстардың нақты әсері әлі толық зерттелмеген.

«Зерттеулерге сүйенсек, XX ғасырда Балтық теңізінде 200 000-ға дейін теңіз минасы болған, олардың әрқайсысында ондаған килограмнан бір тоннаға дейін жарылғыш зат болуы мүмкін», дейді ол. «Бұл да өте үлкен, орасан ауқым. Суға батырылған арсеналдар саны жағынан ол химиялық қарудан әлдеқайда асып түседі».

Сарапшы теңіз түбінің ластануын «сағат тіліне қойылған бомба» деп атаудан сақтандырғанымен, түбінде жатқан химиялық әрі кәдімгі қарудың коррозияға ұшырауы салдарынан суға улы заттар бөлінетінін айтады. Бұл теңіздегі тіршілік иелерінің улануына әкеледі. Алайда бұл құбылыстың нақты ауқымы әзірге белгісіз.

Оның айтуынша, ең көп таралған қосылыстар міндетті түрде ең қауіпті дегенді білдірмейді. Керісінше, саны аз заттардың зияны әлдеқайда күшті болуы мүмкін.

Еске сала кетсек, әлемдік қару-жарақ өндірушілердің табысы рекордтық деңгейге жетті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум