Банк секторындағы түбегейлі өзгеріс: жаңа заңда не ескеріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің банк жүйесі түбегейлі өзгеріс алдында тұр. Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге қаржы нарығында қолға алынатын реформалардың мәнін және экономикаға ықтимал әсерін талдады.

банк
Коллаж: Kazinform/ Canva

Тапқан табыс қанша?

Қазақстанның банк секторы биыл тамыз айында 223 млрд теңге таза пайда тапты. Ұлттық банк мәліметінше, жиынтық табыс 1,86 трлн теңгеге жеткен. Осылайша, қазақстандық банк секторы жылдық жиынтық өсімді сақтап отыр.

Қаржы ұйымдарының жиынтық активтері мен міндеттемелері де жоғары. Тамыз айының басында екінші деңгейлі банктердің жиынтық активі 65,1 трлн теңгеге жетті, яғни жыл басынан бері 3,5 трлн теңгеге өскен. Ал міндеттемелердің көлемі 55,6 трлн теңгені құрап, сегіз ай ішінде 2,9 трлн теңгеге артқан. Бұл депозиттердің көбейгенін және банк қызметтеріне сұраныс әлі де жоғары екенін білдіреді.

банк
Инфографика: Kazinform

Ал табысты тарқатсақ, көш басында Halyk Bank пен Kaspi Bank тұр. Банк ЦентрКредит жоғары серпін көрсетіп, алғашқы үштіктегі орнын нығайтты. Дегенмен, бірқатар банктер, әсіресе BNK Commercial Bank пен Заман-Банк айлық шығынға ұшыраған.

Қазіргі кезде Қазақтанда 23 банк жұмыс істейді. Биыл екі микроқаржы ұйымы банкке айналды. Маусымда BNK Finance Kazakhstan реттеушіден рұқсат алса, ал KMF микроқаржы ұйымы тамызда банк лицензиясына ие болған. Активтердің артуы банк секторының ел экономикасындағы маңызды рөлін көрсетеді.

Банктер пайыздан пайда көріп жүр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында банктер экономикаға қаржы салғаннан гөрі халыққа қарыз беріп, пайыздан пайда тауып отырғанын айтты. Осыған байланысты банк қызметін қайта қарауды тапсырды болатын.

Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл заңда экономиканың сұранысы мен технологиялық өзгерістер ескерілуі қажет.Құжатта бәсекені күшейту, нарыққа жаңа қатысушыларды тарту, қаржы жүйесіндегі технологияларды ілгерілету және цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мәселелері қамтылуы керек, деді Президент.

Сонымен қатар цифрлық теңге тақырыбы да талданды. Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Бинұр Жаленовтің пікірінше, жаңа үрдіс мемлекет шығынын бақылауға мүмкіндік береді.

цифрлық теңге
Коллаж: Kazinform/ Canva

Мәселен, Ұлттық қордан ірі инфрақұрылымдық жобаға қаражат бөлінді делік. Бәріміз бұл ақшаның мақсатты жұмсалғанын қалаймыз. Цифрлық теңге арқылы соны қадағалауға болады. Ол үшін әр токен боялады, яғни белгі қойылады. Бұл ақша рельс алуға бөлінсе, тек рельс сатып алуға ғана жұмсала алады. Басқа тауар алуға, бөтен адамдарға жіберуге болмайды, дейді Бинұр Жаленов.

Ал Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаев цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін есепке алу керек деп санайды.

Бұл – жылдам және қауіпсіз есеп айырысу жүйесінің маңызды элементі. Бұдан басқа, төлем ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, төлем ұйымын есептік тіркеуге және төлем ұйымдарының тізілімінен шығару негіздеріне қойылатын талаптар қатаңдатылады, – дейді Дәурен Сәлімбаев.

Триллиондардың тағдыры не болды?

Ұмытқанымыз жоқ, 2017 жылы Қазақстанның банк секторы қаржылай қолдауға ие болды. Ұлттық банктің бастамасымен жүзеге асқан Банк секторын тұрақтандыру бағдарламасы аясында бірқатар банкке төмен пайызбен ұзақ мерзімді несие берілді. Қаражат Қазақстандық тұрақтылық қоры арқылы бөлініп, шарттары жағынан кәдімгі несиеге қарағанда мемлекеттік көмекке көбірек ұқсайтын.

Банктерге берілген мемлекеттік көмекке келсек, қазір 4 банкте 1,3 трлн теңге мөлшерінде мемлекет қаражаты бар. Дәлірек айтқанда, Еуразиялық банкте – 150 млрд теңге, РБК банкте – 176,8 млрд теңге, Alatau City Bank-те – 950,2 млрд теңге және Nur Bank-те 46,8 млрд теңге бар, – деді Мәжілісте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

2023-2025 жылдар аралығында 526,9 млрд теңге мемлекеттік қолдау қаражаты мерзімінен бұрын қайтарылды. Оның ішінде Halyq Bank 250 млрд теңгені толық қайтарса, Alatau City Bank 150 млрд теңге, БЦК 60 млрд теңге, ал РБК банк 66,9 млрд теңгені өтеген.

Біз бұл жұмысты Ұлттық банкпен бірге жалғастырамыз. Alatau City Bank-тен басқасы, қалған қарыздарын алдағы 3-5 жылдың ішінде қайтарады. Берешекті тезірек қайтару үшін банктермен жаңа кесте жасадық, – деді агенттік төрағасы.

Экономист Бауыржан Ысқақов мұны дағдарыстан құтқаруға бағытталған қадам деп бағалайды.

– 2017 жылғы дағдарыстан кейін банктер қаржы қысымына түсті. Қаржы ұйымдары құлдыраса, халықтың депозиттері күйіп кетуі, төлем жүйелерінің жұмысы тоқтауы және несие беру баяулауы мүмкін еді. Сондықтан жеңілдетілген қаржыландыру – банк жүйесін құтқаруға арналған антидағдарыстық шара болды, – дейді сарапшы.

экономист
Фото: Бауыржан Ысқақовтың жеке мұрағатынан

Экономистің сөзінше, банктер мемлекеттің қолдауына лайықты жауап берген жоқ. Халықтың салығынан қолдау алған қаржы ұйымдары несиенің пайыздық мөлшерлемесін еш төмендеткен емес.

– Бұл көмек салық төлеушілер есебінен көрсетілді, алайда пайда коммерциялық банктердің өзінде қалды, – дейді Бауыржан Ысқақов.

Жаңа заң нені өзгертеді?

Қазақстан банк секторын қолдаудың ерекше моделіне көшпек. Жақында Мәжілісте жаңа заң жобасының таныстырылымы өтті. Бұл бастамалар мемлекет тарапынан банк секторын құтқару тәжірибесінен бас тартуды көздейді. Бұдан былай мемлекет тек жүйелік маңызы бар банктерге көмек көрсете алады. Мұндай мәртебені Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп айқындайды.

Ұлттық банк крипторезерв тұжырымдамасын әзірлеп жатыр
Коллаж: Kazinform/Pexels

Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, бұл қадам нарықтық тепе-теңдікке оралу ретінде бағаланады.

– Қазір банк секторын тікелей қолдау қажеттілігі жойылған, себебі қаржы ұйымдары қайтадан тұрақты табыс әкелуде. Енді мемлекет төтенше жағдайларда ғана араласа алады, егер барлық нарықтық тетіктер жеткіліксіз болып, банк қаржы жүйесі үшін жүйелік тәуекелге айналса ғана. Мұндай жағдайда да мемлекеттік қолдау ашық шешімдерге, нарықтық араласудың шектелуіне және NCWO (No Creditor Worse Off) қағидатын сақтауға негізделуі тиіс. Яғни, ешбір кредитор реттеу барысында қалыпты банкроттық жағдайымен салыстырғанда көбірек шығынға ұшырамауы керек, – деді сарапшы.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, заң жобасы банк секторын реттеу, қадағалау, лицензиялау мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау тәсілін енгізбек.

– Жаңа нормалардың бірі – банктерге арналған екі деңгейлі лицензиялау жүйесін енгізу. Бұл – базалық және әмбебап лицензиялар арқылы қаржы секторын икемді әрі бәсекеге қабілетті етуге бағытталған қадам. Мұндай тәсіл шағын өңірлік банктер мен микроқаржы ұйымдарының дамуына жол ашып, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ бұл шешім цифрлық және аумақтық теңсіздікті қысқартуға сеп болады, – деді агенттік маманы.

Оған қоса іс-қимылды қадағалау тетігі енгізілуде. Бұл халықтың осал топтарында шамадан тыс қарыз жүктемесін болдырмауға бағытталған жауапты кредит беру стандарттары арқылы іске асады дегенді білдіреді.

– Шағымдарды қарау процесі екі сатылы болады: алдымен – қаржы ұйымы, содан кейін – қаржы омбудсманының бірыңғай қызметі. Бұл құрылым дауды сотқа дейін шешудің негізгі құралы ретінде жұмыс істейді, – дейді ол.

Дәурен Сәлімбаев атап өткендей, заңда аталған исламдық қаржыландыруды енгізу де – Қазақстан үшін сыртқы инвестиция тартудың жаңа көкжиегі. Бұл, әсіресе, ислам елдерімен экономикалық байланысты тереңдетуге жол ашады. Сонымен қатар «ислам терезелері» тәрізді икемді модель дәстүрлі банктердің қызметін шектемей, қосымша мүмкіндік ретінде ұсынылып отыр. Мұндай тәсіл дамыған ислам нарықтарында өз тиімділігін дәлелдеген.

Сонымен, қазір банк жұмысын реттейтін заң жобасы қаралып жатыр. Ендігі мәселе – заң нормаларын тиімді жүзеге асырып, оны нарық қатысушылары мен халық үшін түсінікті әрі қолжетімді ету. Егер сарапшылар ұсынған тетіктер заңда көрініс тапса, қаржы секторы анағұрлым тұрақты және бәсекеге қабілетті бола түсетіні сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар