Банктерге алаяқтар құрбандарының шығынын өтеу міндеттелуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Банктер мен ұялы байланыс операторлары алаяқ құрбандарының шығындарын өтеуге міндетті болуы мүмкін. Мұндай мүмкіндікті Ішкі істер министрлігі қарастырып жатыр.

— Екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларына олардың инфрақұрылымын пайдалана отырып жасалатын алаяқтық іс-қимылдар үшін зардап шеккен азаматтың шығындарын өтеу міндеттемесі бар ынтымақты жауапкершілік жүктеу бастамасы қарастырып жатыр, — делінген ведомствоның агенттік сауалына берген жауабында.
Елімізде құқық қорғау органдары, екінші деңгейлі банктер және Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтар мен қаржы жүйесін алаяқтардан қорғауға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатыр.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына қарағанда, мұндай іс-шараның бірі — екінші деңгейлі банктер жүйесін құқық қорғау органдарының деректер базасымен қосуды көздейтін Деректер базасын ықпалдастыру жобасы. Бұл банктер пен полиция арасындағы барынша тиімді ынтымақтастықты қамтамасыз ете отырып, алаяқтық іс-әрекетті жедел анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Мұнан бөлек, құқық қорғау органдарының, ұялы байланыс операторларының, төлем жасау ұйымдарының, екінші деңгейлі банктердің, микроқаржы ұйымдарының, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен жұмысына арналған платформа — Антифрод орталығы құрылған. Оның мақсаты — қаржы саласындағы алаяқтық әрекеттерді анықтау және алдын алу.
— Екінші деңгейлі банктер сәйкестендіру процедураларын күшейтті: онлайн несие алу барысында клиенттің мобильді құрылғысына бірретік кодты міндетті түрде жіберу енгізілді. Бұл кредиттік өнімге санкцияланбаған қолжетімділік тәуекелін төмендетеді, — деді министрліктен.
Антифрод орталығы күдікті белсенділікті анықтау үшін транзакцияларды мониторингілеу және саралау жүйесін белсенді түрде қолданады. Осы жұмыс аясында аударым сомасы, операция жиілігі сынды түрлі параметрлердің шекті мәні қолданылып, транзакцияларды өңдеу барысында автоматты түрде салыстыру жүргізу үшін алаяқтыққа күдіктілердің тізілімі жасалып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі күдікті операциялардың тұрпаттамасын әзірледі. Алаяқтық белгілері бар операцияларды анықтау қаржылық мекемелерге күдікті транзакцияларды тиімді анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, белгілі алаяқтардың тізімі қалыптастырылып, жаңартылып отырады. Бұл да қаржы институттарына күдікті операцияларды дер кезінде бұғаттауға немесе тоқтатуға мүмкіндік береді.
— Бұл шаралар мемлекеттік органдар мен қаржылық мекемелер арасындағы барынша тығыз ынтымақтастықты қамтамасыз ете отырып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға әрі алаяқтық іс-әрекеттерден қорғауға бағытталған, — деп атап өтеді ведомстводан.
Бұған дейін тек бір күнде Балқаш, Тараз, Екібастұз және Петропавл қалаларында киберполиция бөліністері прокуратурамен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, sim-box жабдықтарының заңсыз жұмысын әшкерелеу бойынша іс-шаралар жүргізгенін жазған едік.