Банктер өз қорын алдын ала қалыптастыруы тиіс — Қожаназаров

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы банк секторы үшін маңызды өзгерістер енгізілді. Банктердің негізгі қызметі тұтынушылық несие беруге бағытталғандықтан, нақты экономикаға әсері төмен. Осы себепті табыс салығына жаңа тәсіл — дифференциалды салық енгізілді. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында айтты. 

Айдарбек Қожаназаров
Фото: видеодан алынған скрин

Енді егер банк тек тұтынушылық несие немесе нақты секторға қатысы жоқ жобалардан пайда алса, салық мөлшері 25 пайыз болады. Бастапқыда 30 пайыз ұсынылғанымен, Ұлттық банк оны 25 пайызға бекітті. Бұрынғы 20 пайыздық мөлшерлеме 25 пайызға көтерілген.

— Бұл өзгеріс банктерді нақты секторға несие беруге ынталандырады, ал шағын және орта бизнес үшін жағдай салыстырмалы түрде жеңілдейді, — деді депутат.

Сонымен қатар, банктердің өз қорларын алдын ала қалыптастыру нормасы да енгізілді. Қаражат жеткіліксіз болса, банк қиын жағдайда банкрот болуы мүмкін. Бір қарағанда салық пен қор нормасы байланыссыз сияқты көрінсе де, олар біртұтас жүйе ретінде банктердің тәуекелін басқаруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді.

— Егер несие адам қатысуынсыз рәсімделсе, жауапкершілік тек банкке жүктеледі. Ал алдын ала қор болмаса, банк қауқарсыз заңды тұлға болып есептеледі. Бұл норманың тиімділігін уақыт көрсетеді, — деді депутат.

Еске салсақ, онлайн кредит алудың жаңа тәртібі бекітілді. Енді банк пен микроқаржы ұйымдарынан онлайн кредит алу үшін биометриялық тексеруден өту міндетті

Соңғы жаңалықтар