«Барыс» екінші ойын қатарынан жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, 23 қазанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізді.
Соңғы ойындарында қазақстандық клуб жақсы нәтижеге ұол жеткізуге күш салып келеді. Әрбір кездесуде жанкүйер көңілінен шығатын деңгейде шеберлік көрсетуге көңіл бөліп жүр.
Кездесу барысында «Барыс» сапынан Әділ Бекетаев 6-минутта есеп ашса, 29-минутта «Сибирь» сапынан Максим Карпов таразы басын теңестіріп кетті.
Ал 46-минутта елордалық клубтан Антон Бурдасов «Барысты» алға шығарса, Иван Николишин 59-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:1 есебімен тізе бүктіріп, екінші ойын қатарынан жеңіске жетті.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық команда минскілік «Динамодан» басым түсті.
Енді қазақстандық команда бұдан кейінгі төрт ойынын елордада өткізеді. Алдымен 29 қазанда Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» (Қытай) командасымен кездессе, одан кейін 3 қарашада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск), 5 қарашада «Ак Барс» (Қазан), 7 қарашада «Автомобилист» (Екатеринбург) клубтарымен шеберлік байқасады.