«Барыс» СКА командасынан жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 8 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде СКА (Санкт-Петербург) командасына қарсы өткізеді.

Қазақстандық команда қатарынан жеті ойында жеңілістің ащы дәмін татты. Жарыстың плей-офф сатысына шығу үшін елордалық клуб әрбір кездесуде жеңіске жетуге күш салуы тиіс.
Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Екеуінің де алғашқы болып есеп ашуына мүмкіндік бар еді. Десе де сәттілік ресейлік клубқа серік болды.
Ойынның 13-минутында ресейлік клубтан Арсений Грицюк соққан гол кездесу тағдырын шешті.
Осылайша елордалық клуб қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.
Екі команда бұған дейін 31 мәрте кездескен. Оның 7-еуі елордалық клубтың басымдығымен аяқталса, қалған ойында ресейлік команда жеңіске жеткен.
Айта кетсек, елордалық клуб бұдан кейінгі үш ойынын қатарынан сырт айдында өткізеді.
Алдымен 17 желтоқсанда Ресейде «Динамо» (Мәскеу) командасымен кездессе, одан кейін 19 желтоқсанда қытайлық «Куньлунь Ред Стар» (Бейжің), 21 желтоқсанда «Трактор» (Челябі) клубтарымен шеберлік байқасады.