Қазақстанның Кениядағы Елшісі енді Руандадағы дипломатиялық миссияны қоса атқарады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасының Африкадағы дипломатиялық өкілдігі кеңейе түсті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Барлыбай Кәрімұлы Садықов
Фото: ҚР СІМ

- Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Барлыбай Кәрімұлы Садықов Қазақстан Республикасының Руанда Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды, - делінген хабарламада.

Барлыбай Садықов 1964 жылы 25 қыркүйекте туған.

1988 жылы КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери институтын урду және ағылшын тілі бойынша аудармашы-референт мамандығы бойынша бітірген.

Дипломатиялық мансабын 1993 жылы Қазақстан СІМ Еуропа және Америка елдері басқармасының атташесі қызметінен бастады.

Түрлі жылдары Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында және еліміздің Италия, Швейцария, АҚШ-тағы шет елдердегі мекемелерінде түрлі орындаушы және басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.

2013 жылдан 2015 жылға дейін ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі болды.

2015 жылғы желтоқсанда Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілінің орынбасары болып тағайындалды. Барлыбай Кәрімұлының Нью-Йоркте жұмыс істеген кезеңі Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелігімен тұспа-тұс келді. Оның барысында ол БҰҰ Бас Ассамблеясы және Қауіпсіздік кеңесімен өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік етті, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі санкциялық комитеттерінің бірқатар мәжілістерін өткізген.

Аддис-Абебаға қызметіне тағайындалғанға дейін 2018 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі қызметін атқарды.

II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар.

Айта кетсек, жуырда Ақордада Қазақстан Президентіне екі мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілерінің сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум