Барлық халық атқа мінбеуі мүмкін, ал садақпен оқ атпаған халық аз – Мергендер бапкері жүлде алудың қиындығы туралы
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Дәстүрлі садақ атудың жамбы нысанасын көздеуден сайыс өтіп жатыр. Әзірге 4 қазақстандық мерген жартылай финалға шықты. Бұл ретте Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының бас бапкері Диас Ахметов бұл жарыстың қиындығы неде екенін айтып берді.
«Дәстүрлі садақ атуда жүлде алу өте қиын, өйткені бұл – әлемнің көптеген елінде дамыған спорт. Садақ әр ұлттың, әр халықтың төл қаруы болып есептеледі. Барлық халық атқа мінбесе де, садақпен оқ атпаған халық кемде-кем. Бізге ең көп мемлекеттен – 33 елден 180 спортшы келіп бақ сынап жатыр. Кей мемлекеттер садақ атуда бізден ілгері дамып кетті, олармен сайысқа түсу бізге оңай болған жоқ. Биылғы көшпенділер ойыны Қазақстанда өтетінін білген сәтте-ақ дайындықты бастап кеттік», - дейді Д.Ахметов тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, елімізде Дәстүрлі садақ ату федерациясы алғаш рет 2019 жылы құрылды. Ал 2022 жылы дәстүрлі садақ атудан тұңғыш ҚР чемпионаты өткен.
«Қазір өңірлерде садақ ату үйірмелері көптеп ашылып жатыр. Әуесқой спортшыларды санамағанда, Қазақстанда 3-4 мыңға жуық кәсіби садақшымыз бар деп ойлаймыз. Оның ішінде 1500 қыз бар. Жыл басынан бері ұлттық құраманың үздік 36 спортшысының арасынан 10 спортшыны іріктеп алдық. Сол 10 спортшы қазір ел намысын қорғап жатыр. Ойын басталғалы алғашқы алтын, екі қола және күміс алдық», - дейді спикер.
Сондай-ақ, ауа райы жағдайы да садақшыларға әсерін тигізбей қоймайды.
«Екі күн бұрын қатты жел мен суық болды. Бұл садақшыларға әсерін тигізеді. Сол үшін нысана көздегенде жел оң жақтан соқса – оңға қарай және керісінше түзету жасаймыз. Шетелдік жарыстарда біз қызығып қарайтын спортшылар қазір көшпенділер ойынына қатысып, бізбен қарсылас болып жатыр. Мәселен, мажарстандық Ласло Кочка – әлемдік жарыстардың жеңімпазды. Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Малайзия, Мажарстан, Индонезия мергендері де өте мықты және халықаралық жарыстарда үздік ойын көрсетеді», - дейді Д. Ахметов.
Сонымен бірге, дәстүрлі садақшылар ұсталықты да қатар дамытып, ағаш түрлерін зерттеумен, жебе жасаумен айналысып жүр.
«5 жыл бұрын садақ ату спортын алғаш бастағанда материалдық базамыз болған жоқ. Не садағымыз жоқ, не жебеміз жоқ, бәрін сыртқы елдерден тапсырыспен алып жүрген едік. Бұл спортшы үшін өте қиын. Қазір мемлекет қолдау көрсетіп, отандық өнімді дамытып, садақ пен оқ жасайтын цехтар ашылды. Қазір құрама командамыздың 90 пайызы өзіміздің өнімді қолданады», - деді Диас Ахметов.
Айта кетейік, сайыстың алғашқы күні Жәнібек Құлмырзаев Пута нысанасын көздеуде алтын жүлде жеңіп алған еді.
Сонымен бірге, отандық мерген Ербол Тәпенов күміс, Қанат Қасымхан – екі қола және Айкөркем Батихан – тағы бір қола жүлдені ел қанжығасына салды.
Бүгін Жамбы нысанасын көздеуде ерлер арасында қазақстандық Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлім ақтық сайысқа шықты.