Барлық трансшекаралық хабқа жол салынып жатыр – министр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандағы барлық трансшекаралық хаб көлік инфрақұрылымымен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында айтты.

Нұрлан Сауранбаев
Фото: primeminister.kz

Атап айтқанда, «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперациясының халықаралық орталығы бойынша Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы жалғасып жатыр, ол 2026 жылы аяқталады. Бұл жоба Мақтаарал ауданын магистральді теміржол желісімен қосады.

– Мемлекеттік кірістер комитеті биыл «Атамекен» автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Өткізу пунктіне баратын автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Еуразия трансшекаралық сауда орталығы теміржол желісіне Пойма станциясы арқылы қосылады, пайдалануға келесі жылы беріледі, – деді Н.Сауранбаев.

Сонымен бірге, жалпы ұзындығы 144 шақырым «Подстепное-Федоровка» автомобиль жолын реконструкциялау жұмысы жүргізіліп жатыр, оның ішінде 72 шақырым осы жылы республикалық бюджет есебінен, қалған 72 шақырым 2026 жылы аяқталады. Бұдан бөлек, 2027 жылға дейін Тасқала автомобиль өткізу пунктін модернизациялау жоспарланған, құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.

– Қорғас бағытында «Алтынкөл – Жетіген» теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба учаскенің өткізу қабілетін 25 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жұмыстар 2026 жылы толығымен аяқталады. Сондай-ақ «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің айналма жолы орташа жөндеуден өтіп, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі, – деді министр.

Индустриалдық сауда-логистика кешені Жамбыл облысында Қырғызстанмен шекарада, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бойында орналасқан. Онда Қарасу-Масаншы-Сарытөбе автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіліп жатыр, бұл жұмыстар 2026 жылы аяқталады.

Келесі жылы Қарасу – Ақтілек автомобиль өткізу пунктін модернизациялау басталады. Жоба барысында инвестор қаражатына Шу өзені арқылы тағы бір көпір салу мәселесі пысықталып жатыр.

Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 5 трансшекаралық хаб ашылады.

Соңғы жаңалықтар