Барселона әуежайында 100-ден астам рейс кейінге қалды

АСТАНА. KAZINFORM – Испанияның Каталония автономиялық қауымдастығында қатты жел салдарынан кемінде 101 әуе рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды ТАСС.

Қытай әлемдегі ең ұзақ әуе рейсін іске қоспақ
Фото: freepik

Aena әуежай операторының дерегінше, Барселона халықаралық әуежайында 101 рейс кейінге шегерілген. Бұдан бөлек, тағы 10 ұшақ басқа әуежайларға бағытталған. Компанияның X желісіндегі мәліметінде метеорологтар ауа райының біртіндеп жақсаратынын болжап отырғаны айтылған.

Каталонияның Азаматтық қорғау бас басқармасы өңірде қолайсыз ауа райына байланысты жүздеген оқиға тіркелгенін мәлімдеді.

«86 адамға медициналық көмек қажет болды, олардың 34-і медициналық мекемелерге жеткізілді», – делінген хабарламада.

Испанияның Мемлекеттік метеорологиялық агенттігі 12 ақпанда Каталонияда ауа райының күрт нашарлайтыны жөнінде ескерту жасаған. Бірқатар елді мекенде қауіп деңгейі қызғылт сары – жоғары қауіпті деңгейге көтерілген. Жел екпіні сағатына 100 шақырымға дейін жетуі мүмкін.

Қолайсыз жағдайға байланысты өңір үкіметі мектептер мен университеттердегі сабақтарды тоқтатып, шұғыл емес медициналық қызмет көрсетуді уақытша шектеді.

Айта кетейік, бір апта бұрын «Леонардо» дауылына байланысты Испанияда 3 мыңға жуық адам эвакуацияланды.

Соңғы жаңалықтар