Бас прокуратура «ӨКМ Операторы» мен Әлия Назарбаеваның байланысы туралы ақпаратқа түсінік берді
Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев «ӨКМ Операторы» компаниясы мен Әлия Назарбаеваның байланысы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлия Назарбаевға қатысты қылмыстық қудалау немесе іс қозғау туралы менде мәлімет жоқ. «ӨКМ Операторы» (Оператор РОП) бойынша үкім шыққан болатын. Әр қылмыстық қудалауды бастайтын уәкілетті орган бар. «ӨКМ Операторы» бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу жасады», - деді Ә.Шындалиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол егер қылмыс құрамы мен қандай да бір ақпарат болса, қылмыстық қудалау туралы шешімді тиісті мемлекеттік органдар шығаруы керек.
«Бізде Антикор, экономикалық тергеу қызметі, Ішкі істер министрлігі бар. Егер тиісті ақпарат пен дәлел болса, құзырлы органдар шешімін жасайды. Әзірге, бұл тұрғыда менде мәлімет жоқ», - деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салсақ, жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров куәгерлер «Оператор РОП-тың» түпкі бенефициары Әлия Назарбаева деп көрсетіп жатқанын мәлімдеді.
Биыл сәуір айында елордада ӨКМ Операторына қатысты сот талқылауы басталған еді.