Бәсекелестікті қорғау агенттігі ел емханаларындағы басты мәселелерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік медицина ұйымдары пациенттерді тартуға мүдделі емес. Мұндай мәселе Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ашық талқыға шығарған консультативтік құжатта жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бәсекелестікті қорғау агенттігі ел емханаларындағы басты мәселелерді атады

Ашық НҚАпорталында жарияланған құжатта агенттік денсаулық сақтау саласында шешуді талап ететін бірнеше мәселені көтерген. Олар:

- Мемлекеттік емханаларда көрсетілетін медициналық қызметтердің төмен сапасы;

- Мемлекеттік емханалардағы қаржы тапшылығы;

- Мемлекеттік медициналық ұйымдардың пациенттерді тартуға мүдделі болмауы.

Сонымен қатар ведомство халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін де мысалға келтірген. Атап айтқанда, қазақстандықтар мемлекеттік емханаларға қарағанда жеке клиникаларда көрсетілетін қызметтер сапасына көбірек қанағаттанады.

«Биыл наурыз айында 15 жастан асқан 12 мыңға жуық респондент қатысқан «Халықтың өмір сүру сапасы» сауалнамасының нәтижелеріне сай, тұрғындардың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарындағы қызмет сапасына қанағаттану деңгейі - 39,9%. 2022 жылы бұл көрсеткіш 34,8 пайыз болған еді. Сонымен қатар, биыл қызмет сапасына наразы адамдардың үлесі төмендеді - 6,9%-дан 6,5%-ға дейін. Бұл ретте, денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызметтерге ішінара қанағаттанатын қазақстандықтардың үлесі 55,4%-дан 51,1%-ға дейін азайды. Демек, қазақстандықтар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына қарағанда жеке ұйымдар көрсететін көбірек көңілі толады», - деп жазылған консультативтік құжатта.