Баспана құнының өсуіне ешқандай негіз жоқ – Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қазір тұрғын үйдің қымбаттауына ешқандай негіз жоқ. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

в
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер Үкімет басшысының орынбасарынан «жақында елде автокөлік пен пәтер арзандайды деген пікір қаншалықты рас?» деп сұрады.

- Қазіргі уақытта арзандайды дегенге күмәнмен қараймын. Егер қымбаттамаса, соған да рахмет. Атап айтқанда, қазір үйлердің қымбаттауына ешқандай алғышарттар жоқ, - деді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл наурыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 3,9 пайызға өсті.

Еске салсақ, былтыр желтоқсан айында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елімізде баспана бағасының көтерілу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.