«Баспана кезегін жылжытып беремін»: 25 астаналық алаяққа алданды
Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай интернет-алаяқтықтың кең тарап жатқан түрлері туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Астана қаласында Елорда тұрғыны ұсталды. Ол мессенджерлер арқылы мемлекеттен пәтер алу үшін кезекті жылжыту сылтауымен қызмет ұсынған.
Қазіргі таңда оның осыған ұқсас 25 фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді. Соның салдарынан азаматтарға 12 млн теңгеден астам залал келтірілген. Іс бойынша тергеу жүріп жатыр», – деді ол ведомствоның апта сайын өтетін брифингісінде.
Спикердің сөзінше, алаяқтық жасаудың тағы бір кең таралған тәсілі – жүк тасымалдау қызметтерін ұсыну.
«Осындай алаяқтардың бірін Ақмола облысының қызметкерлері Қостанай қаласында ұстады. Ол 15 қылмыс жасады деген күдікке ілініп, әрекеті дәлелденді. Тұрғындарға келтірген шығын көлемі мен басқа жәбірленушілер анықталып жатыр.
Алаяқтықтың бұл түрі ең көп таралғандардың бірі болып табылады. Алаяқтар өз міндеттемелерін орындамай тұрып, алдын ала ақы талап етеді. Мәміле жасасқан кезде сақ әрі мұқият болыңыз», – деді ІІМ өкілі.
Сондай-ақ Жандос Сүйінбай «тиімді инвестициялар» туралы ұсыныстар да алаяқтықтың өте кең тараған әдісі екенін айтады.
«Елорда Полиция департаменті әлеуметтік желі арқылы инвестициялар көмегімен мол ақша табуды ұсынған адамды ұстады. Ол 20-дан астам алаяқтық жасаған және азаматтарға 2 млн теңгеден астам шығын келтірген.
Елорданың тағы бір тұрғыны мессенджер арнасы арқылы қолма-қол ақшаны көбейту және криптовалютаны тиімді сатып алу туралы алаяқтық жарнама салған. Оның осыған ұқсас 30 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Залал көлемі 20 млн теңгеден астам. Біз азаматтарға инвестициялау арқылы ақша табудың оңай жолдарынан сақ болуды ескертеміз», – деді киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы.