Баспана нарығы қара сылақтағы, әрленбеген пәтерлер саудасынан қашан арылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада құрылысшылар қауымдастығының 20 жылдығына арналған салалық конференция өтті. Мемлекеттік органдар мен қаржылық институт басшылары, құрылыс компаниялары мен салалық қауымдастық өкілдері жиналған іс-шарада тұрғын үй нарығының өзекті деген мәселелері талқыланды.

отбасы
Фото: Отбасы банк

Конференцияда сөз алған бірнеше сарапшы «Отбасы банкті» елдегі тұрғын үй нарығын ынталандырушы институт ретінде атады.

«Жыл басынан бері біз 466 млрд теңгеге ипотекалық несие бердік. Соңғы үш жыл қатар жыл сайын шамамен 2,9 трлн теңгеге тұрғындарды несиелендіріп келеміз. Заемдар саны 68 мыңнан 80 мыңға дейін жетеді. Оның 183 млрд теңгесі бастапқы нарықтан алынған баспанаға берілді. Біздің КРІ-көрсеткіштерімізде жыл бойы берілген несиенің ішінде бастапқы нарықтан алынған пәтер ипотекасының үлесі 30-35 пайыздан кем болмау керек дейтін меже бар. Мұны біздің нарыққа ықпал ету тетігіміз деуге болады. Биыл «Отау» және «Наурыз» дейтін екі үлкен ипотекалық бағдарламаны бастадық. Екеуінің қаржыландыру көлемі — 450 млрд теңге», — деді Отбасы банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Ірі қаржы ұйымының басшысы еліміздің тұрғын үй нарығын біртіндеп қара сылақ, әрленбеген пәтерлер саудасынан арылту керек, себебі ол сатып алушылардың қалтасына қосымша жүк салады деген пікір білдірді.

отбасы банк
Фото: Отбасы банк

«Тұрғын үй нарығына талдау жасай отырып ипотека алушылар пәтерлерді қара сылақпен, әрленбеген қалпында алатындықтан, жөндеу жұмыстарын қосымша кредит алатынын көрдік. Сондықтан осыны ескере «Наурыз» бағдарламасында қосымша тетік жасап қойдық. Несие сомасының 30 пайызына дейінгі ақшаны жөндеу жұмыстарына жұмсауға болады», — дейді «Отбасы банк» басшысы.

Банк басшысының ұсыныстарын құрылысшылар да құп көріп отыр. BI Group Холдингінің басқарма төрағасы Амангелді Омаров «Наурыз» және «Отау» бағдарламасы бойынша салынатын үйлерді тек таза әрленген күйде тапсыру талабын енгізуді қолдап отыр.

Өз кезегінде «Отбасы банк» басшысы Үкіметке 2025 жылдан бастап аталған екі бағдарламаның үйлеріне «таза әрлеу» стандартын енгізуді ұсынатынын жеткізді.

«Отбасы банк» алдағы сегіз жылда елдегі тұрғын үй нарығын «Наурыз» бағдарламасы арқылы ынталандыруды көздеп отыр.

Қаржы институтының қор нарығындағы өтімділігі облигациялар арқылы қосымша қаржы тартып, саланы ынталандыра түсуге мүмкіндік беріп отыр.

«Өткен сәрсенбіде біз Қазақстан қор биржасына 5 жылдық облигацияларымызды орналастырып, жылдық 14,25 пайыздық мөлшерлемемен 170,5 млрд теңге тарттық. Бұл жерде банктер үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесі 7 пайыз болады. Қалған 7,25 пайызын Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі субсидиялайды. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасын жалғастырамыз. Бұл – 8 жылдық жоба. Осы аралықта біз биржаға жалпы сомасы 1,7 трлн теңге болатын облигациялар шығарамыз», — дейді Ләззат Ибрагимова.

«Отбасы банк» басшысы мемлекеттік бағдарламалардың кесірінен баспана бағасының қымбаттайтыны туралы сындарға тоқталды.

«Осы сынға жауап ретінде „Baspana-market“ дейтін портал жасап шығардық. Бірінші кезеңде құрылыс компаниялармен коммуникацияны жолға қоямыз. Тұрғын үй салушылармен бірге отырып біз арқылы сатылатын пәтердің бағасын белгілейміз. Баға келісіміне қол қойылғаннан кейін ғана сатылатын пәтерлер біздің порталдағы 20 мың адамға („Отау“ бағдарламасы) көрінеді», — деді ол.

Бұл екі бағдарламаның елдегі тұрғын үй құрылысына жаңа қарқын беретін түрі бар. Мысалы, «Отбасы банк» Алматы қаласында 5 400 жуық өтініш қабылдады. Ал нарық ұсынып отырған пәтерлер саны 1652 ғана, яғни тағы 3822 пәтер жетіспейді деген сөз.

Қаржы институты өз салымшыларын күмәнді құрылыс компаниялары мен сапасыз салынған үйлерден қорғау үшін тұрғын үй салушылардың рейтингін қалыптастырмақшы. Ол рейтинг банк салымшыларының өздері алған үйге берген бағасы негізінде жасалады.

Конференция барысында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алтай Күздібаев 2025 жылдан бастап тұрғын үй құрылысына үлескер қаражатын тартудың ережесі қатаңдайтынын еске салды.

«Былтыр нарықты зерттеген кезде салынып жатқан баспананың 68 пайызы, яғни, 105 мың пәтердің тәуекел аймағында тұрғаны белгілі болды. Үлескерлерді тартуда 17 келісімшарт түрі болған. 2025 жылдың қаңтарынан бастап тұрғын үй құрылысы кооперативінен пай иеленгендерді үлескерлік құрылысқа қатысушымен теңестіреміз», - деді ол.

Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институты Құрылысты нормалау орталығының директоры Арман Хасен тұрғын үй бағасын жобалау сметасы бойынша емес, керісінше жобалау сметасын баға көрсеткіштері бойынша әзірлеуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар