Баспанаға мұқтаждардың кезегіне тұру құқығына кімдер ие болады

АСТАНА. KAZINFORM – «Отбасы банк» базасында тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай орталығы құрылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.

Тұрғын үй кезегі
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

«Биыл 30 қазанда Парламент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Ол азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер мен бағыттарды көздейді. Заң жобасы аясында «Отбасы банк» АҚ базасында тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірыңғай орталығын құру қарастырылады. Бұл тұрғын үйге кезекті ашық қалыптастыруға және оны мұқтаждарға іске асыру үшін «бір терезе» әділ қағидатын қолдануға мүмкіндік береді. Енді тұрғын үйге мұқтаждардың кезегіне тұру құқығына соңғы 5 жыл ішінде қандай да бір санатқа жататынына қарамастан, тұрғын үйі жоқ барлық азамат ие болады. Бұл ретте, тұрғын үй беру тетігін таңдау азаматтың табысы мен мәртебесіне сәйкес жүзеге асырылады», - деді бірінші вице-премьер.

Оның атап өтуінше, бұдан басқа, заң жобасы аясында интернет-ресурста өзектендірілген тізімдерді жариялай отырып, кезекте тұрғандардың тізімін тұрақты түгендеу көзделген. Бұл кезектің әділ және ашық қалыптасуын қамтамасыз етеді.

«Жалпы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау құралдары ретінде коммуналдық жалға берілетін тұрғын үй, кредиттік тұрғын үй салу, жеңілдікті ипотекалық несиелер (Отбасы банкінің бағдарламалары, 7-20-25), тұрғын үй үшін бастапқы жарнаны жабуға сертификаттар, коммуналдық қызметтерді өтеуге тұрғын үй төлемдер және басқа тетіктер көзделген», - деді Роман Скляр.

Бұған дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Мәжіліс депутаттарының «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының бастапқы жарна мөлшерін төмендетуге қатысты сауалына жауап бергенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар