Баспанасы құлап қалған кейбір ақтөбеліктер дайын үй сатып алуға өтініш берді

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Темір ауданында 91 үй мен кәсіпкерлік нысанға су кірген. Бұл ауданда 21 үй салынып, 29 отбасы дайын үй сатып алатын болды.

Су тасқыны кезінде Темір ауданының Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші және Шитүбек ауылдарындағы 91 үй мен кәсіпкерлік нысандарына, кейбірінің ауласына су кірді. Қазіргі кезде төрт ауыл бойынша 29 отбасы дайын үй сатып алуға келісім беріп отыр. Ал 21 отбасы үй салып беруге өтініш білдірді. Сонымен бірге бұл ауданда 40 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Темір ауданы Саркөл ауылдық округінің Құмсай ауылына барды. Мұнда су басқан үйлерді, әлеуметтік нысандарды аралады. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Суға кеткен үйлерді қарап шықтым. Бұрынғы орнына қайта салу мүмкін емес. Сондықтан анықталған жер учаскелеріне табиғи апаттан зардап шеккендерге тұрғын үйлер бой көтереді. Ауылда қалмаймын дейтін жандар болса, дайын пәтерлерді сатып алып береміз. Ал әрбір адамның еңбегімен тапқан дүние-мүлкіне Үкімет бөлек төлем әзірледі. Оны комиссия анықтайды. Қазір мамандар облыс бойынша әлі де жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы айтқандай, ешкім де көмексіз қалмайды, барлық қолдау көрсетіледі. Бастысы ауызбіршілік керек, сонда ғана еңбек өнімді болады», - деді Асхат Шахаров.

Темір ауданы Құмсай ауылында енді қорғаныс бөгеті салынады. Ұзындығы 2,7 шақырымдық бөгет салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленген. Қазіргі кезде сараптамадан өткізіліп жатыр. Сонымен бірге осы комиссияға ауылдың 3 тұрғыны қосылады. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Темір ауданы бойынша 39 отбасыға 14 млн теңгеден астам бір реттік әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ Құмсай негізгі мектебінің 9 оқушысы «Балдәурен-Түркістан» оқу сауықтыру орталығы Шымкент қаласына жіберілді. Ал аудан бойынша төтенше жағдайлар нәтижесінде келтірілген зиянды бағалау жөніндегі комисияға 91 өтініш түскен, оның 15-іне 84 млн 217 теңге қаржы төленді. Барлығы 27 бас мал өлексесінің шығыны 8,5 млн тг болды. Ал 369 мың теңгелік біржолғы төлем аудандағы 82 отбасыға аударылды. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар