«Батырларға тағзым» порталының қызметі кеңейтіледі – Аида Балаева
АСТАНА. KAZINFORM – Былтыр елімізде batyrlargatagzym.kz порталы іске қосылды. Аталған ресурста 100 мыңнан астам соғыс ардагері туралы ақпарат бар.

— Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлеріне қатысты мәліметтерді біріздендіру және халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Батырларға тағзым» порталының қызметі кеңейтіледі. Порталда Қазақстанның жауынгерлері туралы деректер мемлекеттік архивтер мен Қорғаныс министрлігінің мәліметтері негізінде орналастырылған, — деді Аида Балаева елордада өткен ардагерлер кеңесінің пленумында.
Сондай-ақ ведомство басшысы Жеңістің 80 жылдық мерейтойын насихаттау мақсатында медиа-жоспардың барын айтты.
Бұған дейін Аида Балаева «Батырларға тағзым» порталы «е-Архив» жүйесімен интеграцияланатынын айтқан еді.
Бүгін елордада «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің III пленумы өтті.
Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бүгінде бес өңірде соғыс ардагерлеріне төлем жасалды.
Еске салсақ, биыл 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде екінші дүниежүзілік соғысының 111 ардагері бар.
Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай ел аумағында екі мыңдай іс-шара өтеді.
Сонымен қатар Жеңістің 80 жылдығына орай елордада өтетін әскери шеру барлық республикалық телеарна мен LED экрандардан тікелей көрсетіледі.