Батыс Африкадағы қақтығыс неге тоқтамай тұр

АСТАНА. KAZINFORM – 7 желтоқсанда Бенинде болған сәтсіз әскери төңкеріс Батыс Африкадағы саяси тұрақсыздықты қайта күн тәртібіне шығарды. Соңғы жылдары бұл аймақта әскери төңкерістер жиілеп, тұрақтылық мәселесі ушығып отыр. Kazinform агенттігінің шолушысы аймақ неге қайтадан дағдарысқа ұшырағанын зерттеді.

Политическая нестабильность: что стоит за серией переворотов в Западной Африке
Коллаж: Kazinform / Freepik

Бениндегі төңкерістер немен байланысты?

Соңғы бес жылда Батыс Африкада тоғыз әскери төңкеріс тіркелген. 25 қарашада Гвинея-Бисауда президент Умару Сисоку Эмбало биліктен шеттетілген соң 7 желтоқсанда Бенинде тағы жайсыздық орын алды. Төңкерістердің басым бөлігі Буркина-Фасо, Гвинея, Габон, Мали (екі рет), Нигер, Чад, Гвинея-Бисау аймақтарында болды.

Батыс Африка елдерінің тәуелсіздік алған 1960-жылдардан бергі тарихы билік ауысуларына толы. Бенин мысалында бұл көрініс айқын. Ел 1975 жылға дейін Дагомея деп аталды және 1960-жылдары бірнеше әскери төңкерісті бастан өткерді. Алғашқы президент Мага Юбер жеке диктатура орнатса, кейінгі төңкерістер билік бағытын біршама уақыт батысшыл демократиялық жүйеге, сосын социалистік орталықтандырылған басқаруға ауыстырды. 1969 және 1972 жылдары болған жаңа төңкерістер биліктің бағытын бұрса, 1988 жылғы сәтсіз әрекеттер тұрақсыздықты тереңдетті. 1991 жылы КСРО ыдырауы мен социалистік жүйенің күйреуінен кейін Бенинде көппартиялық сайлау қайта енгізілді.

Билік пен сайлау арасындағы сын сағаты

1991 жылдан бері Бенинде салыстырмалы түрде демократиялық жүйе қалыптасып, елде саяси тұрақтылық сақталғанмен, тарқатылмаған түйін әлі де бар. Өтпелі кезеңде бұрынғы социалистік басшы Матье Керекудің рөлі маңызды болды. Бірақ бірнеше әскери төңкеріс әрекеттері мен қастандықтар орын алып, оның барлығы сәтсіз аяқталды.

2016 жылы билікке кәсіпкер Патрис Талон келді. Ол елдің ең бай адамдарының бірі әрі «мақта патшасы» деген лақап атқа ие. Сонымен қатар оның Котону портына тікелей қатысы бар. 7 желтоқсандағы әскери төңкеріс дәл Талонды биліктен тайдыруға бағытталған еді.

В Бенине началось голосование на выборах в парламент
Фото: Синьхуа

Бенинді енді тағы маңызды саяси науқан күтіп тұр. 11 қаңтарда парламенттік, 12 сәуірде президенттік сайлау өтеді. Патрис Талон президенттік сайлауға қатыспайды, себебі билік партиясынан үміткер ретінде 2016 жылдан бері қаржы министрі қызметін атқарып келе жатқан Ромуальд Вадагни ұсынылды.

Бенин Конституциясына сәйкес, президент екі мерзімнен артық билік етуге құқығы жоқ. Дегенмен, 2025 жылдың қарашасында Ұлттық ассамблея конституциялық реформа қабылдап, президент пен парламент өкілеттігінің мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартты. Сонымен қатар жаңа Сенат құрылып, оның мүшелерін бұрынғы саяси қайраткерлер арасынан президент тағайындайды.

ЭКОВАС несімен маңызды?

Бенинде 1991 жылдан бері саяси өмір белгілі бір ережелер аясында дамығанымен, Батыс Африкадағы «мақсатына жеткен» әскери төңкерістер кейбір жергілікті әскери топтарды қандайда бір әрекетке итермелеуі мүмкін. 7 желтоқсандағы сәтсіз төңкерістің алдын алу үшін көрші елдер – Гана, Кот-д’Ивуар, Нигерия және Сьерра-Леоне ЭКОВАС (Батыс Африкадағы экономикалық қауымдастық) аясында әскери контингент жіберіп, аймақтағы тұрақсыздықтың таралуына жол бермеді.

Бұл шаралар маңызды, өйткені Буркина-Фасо, Нигер және Малида өткен төңкерістерден кейін бұл елдер ЭКОВАС құрамынан шығып, Сахель мемлекеттері альянсын құрған. Сол себепті Бениндегі тұрақтылық бүкіл өңір үшін стратегиялық мәнге ие болып отыр.

Төңкерістің тамыры дәстүрге тірелуі мүмкін

Батыс Африкада әскери төңкерістердің жиі болуы кездейсоқ емес. Бұл аймақта саяси жүйелердің тұрақсыздығы социалистік бағыттағы мемлекеттерге де, нарықтық экономикасы бар демократияларға да тән және тарихи, этникалық, институционалдық факторлармен байланысты.

военный переворот в Бенине
Фото: Charles Placide Tossou

Тәуелсіздік алғаннан кейін елдер бұрынғы отарлық метрополиялардың жергілікті басқару жүйесін, сайлау және парламенттік институттарын, кәсіподақтар мен батыстық үлгідегі білім беру жүйесін мұраға алды. Алғашқы жылдары билікке еуропалық білім алған қалалық элита өкілдері келді.

Отарлық кезеңге дейін аймақтың мемлекеттік дәстүрлері көшпелі және отырықшы халықтардан, жергілікті наным-сенімдерден құралған. Бірақ тәуелсіздік алған жаңа мемлекеттер отарлық әкімшілік шекаралармен құрылып, олардың ішіндегі этникалық, діни және әлеуметтік әртүрлілік ескерілмеді. Ол қазіргі тұрақсыздықтың басты себебі болуы мүмкін.

Этникалық қайшылықтардың құпиясы

Еуропалықтар кеткеннен кейін Батыс Африка мен Сахельдегі бұрын біріктірілген халықтар арасында билік үшін күрес басталды. Бұл күрес көбіне әскер арқылы жүрді, себебі әскер мен қауіпсіздік құрылымдары отарлық кезеңде жақсы ұйымдастырылған еді.

Чад – этникалық және діни қайшылықтардың айқын мысалы. Елдің солтүстігінде мұсылман көшпелі тайпалар, оңтүстігінде егіншілікпен айналысатын христиан сара тайпасы тұрады. Франция билікте сара тайпасына сүйенді, Ұлттық ассамблеяда да олар үстем болды.

Бенин
Фото: financialafrik.com

1960 жылы тәуелсіздік алған соң президент болып Франсуа Томбалбай сайланды. Ол билікті орталықтандырып, бірпартиялық жүйе орнатты, бұл солтүстіктегі мұсылман тайпалардың көтерілісіне әкелді. 1975 жылы Томбалбай әскери төңкеріс кезінде өлтірілді. Кейін билікке келген Хисен Хабре өз тайпасына сүйеніп билікті жүргізді, ал 1990 жылы Идрис Деби оны құлатты. Деби көппартиялық жүйе енгізуге тырысса да билікті ұзақ сақтау үшін Конституцияны өзгертіп, мерзім шектеуін алып тастады.

2021 жылы солтүстіктен келген көтерілісшілермен шайқаста Идрис Деби қаза тапты. Билікті оның ұлы Махамат Деби қолға алып, Конституцияның күшін тоқтатты. Бұл жағдай Чадтағы этникалық және әскери билік күресінің ұзаққа созылғанын көрсетеді.

Аймақтық институттар Батыс Африкадағы тұрақтылықты сақтай ала ма?

Батыс Африка елдерінде билік үшін күрес көбіне әртүрлі халықтар мен тайпалар арасында жүреді. Бұл күрес отарлық кезеңнен қалған батыс институттары – сайлау, парламент, конституция арқылы жүргізіледі. Сол себепті аймақта сайлау жиі өтеді, ал мемлекеттік жүйелер мен басқару формалары үнемі қайта қаралып отырады.

Әскер мен арнайы қызметтердің рөлі шешуші. Мұндай модель демократиялық немесе жеке билікке негізделген жүйе болсын, егер билік осы екеуін ауыздықтап, күш қолдану монополиясын мемлекет өз қылында шоғырландырса, бұл ел саяси тұрғыдан тұрақты болады. Алайда экономикалық қиындықтар немесе биліктегі заңбұзушылықтар тайпалар мен этникалық топтар арасындағы қақтығысты күшейтіп, кейде азаматтық соғысқа дейін апарады.

Бенин
Фото: tutu.ru

Мысалы, Бенинде 60-қа жуық ұлыс өкілдері тұрады. Халықтың жартысы – христиандар, үштен бірі – мұсылмандар, қалғаны дәстүрлі сенімдерді ұстанады. Елдің солтүстігінде, негізінен мұсылмандар тұратын аймақтарда қауіпсіздік мәселесі өзекті, бұл аймақта әсіре исламшыл топтармен күрес жүріп жатыр. Ал Малиде халық көп этникалық топтарға бөлінеді.

Бұл мысалдар Батыс Африка елдерінің күрделі этникалық құрылымын тағы бір айқындайды. Аймақтағы демографиялық өсім, жер мен су, бәсеке, сондай-ақ жедел урбанизация жағдайды шиеленістіріп отыр. Әлемдік саясатта аймаққа көп көңіл бөлінбейді. Сондықтан тұрақтылықты сақтауда мемлекеттер өз күшіне немесе ЭКОВАС-қа сүйенуге мәжбүр.

Соңғы жаңалықтар