Батыс Қазақстан даласына кактус қайдан келді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда мексикалық кактустың өсіп жатқаны эколог ғалымдар арасында біраз пікірталас туғызды. Негізінен жылылықты жақсы көретін өсімдіктің өңірдің аязына да бейімделгені таңғалдырады. Осыған орай Kazinform тілшісі ғалым, экологтармен, тиісті мекеме өкілдерімен тілдесіп, мәселенің байыбына барып көрді.

Кактус Орал маңынан табылды
Кактусты биыл күзде Орал қаласы маңындағы «Романтика» (бұрынғы «Орал») туристік базасы ауданынан биолог, өлкетанушы Владимир Абдулов кезіктірген еді.
Владимир Анатольевичтің сөзіне қарағанда, табиғатты суретке түсірмек болған кезде тікен басып кеткен. Қараса, ірі инесі бар кактустың жапырағы жерде жайылып, жеміс беріп жатыр екен.

Кактусты бұралған инелі опунция деуге болады. Өзі Батыс Қазақстанға Ресейдің көршілес Астрахан облысынан әкелініп, тәжірибе ретінде егілген секілді. Астраханда арнайы қорықта өсіріледі.
— Кактустың жемісін көп елде тамақ ретінде қолданады. Одан кәмпит және басқа тәтті тағамдар жасалады. Біздің өңірдің қысына бейімделіп үлгерген опунцияның қаупі сонда, ол тез таралады. Сондықтан жайылым жерлерді басуы ықтимал. Кактусты құрту өте қиын. Өйткені оның инесі 4-5 сантиметрге жетеді. Мал оның жапырағы мен жемісін жей алмайды, кактус өскен жермен жүруі де қиындайды, — дейді ғалым.
Оның айтуынша, өсімдіктің отаны — Мексика. Адамның таратуымен опунция Солтүстік және Оңтүстік Америкада өте үлкен алқапты алып жатыр.
Ал Аустралияға өткен ғасырдың басында тәтті жемісіне бола апарғаннан кейін күрделі мәселеге айналды. Кактус ең құнарлы жерлерді басып кеткен.
— Аустралиялықтар оны ұзақ уақыт бойы құрта алмады. Кесу де, өртеу де көмектеспеді. Тек опунцияның табиғи жауы — кактус көбелегін әкелгеннен кейін тыйылды. Оның жұлдызқұрты кактусты жеп бітірді. Соған орай аустралиялықтар көбелекке ескерткіш орнатты. Сондықтан қандай ма болмасын өсімдік немесе малды әкелмес бұрын оның қоршаған ортаға қалай әсер ететінін білу керек. Мысалы, картоп пен баклажанның жауы — колорадо қоңызы Орал қаласындағы бау-бақша өсірушілер үшін бас ауыртар мәселеге айналды. Цихлохена деген арамшөптің зияны көп. Америкалық үйеңкімен де күресу қиын, — дейді биолог.

Айтуынша, қарға, сауысқан секілді құстар да кактустың тәтті жемісін шұқып жеп таратады. Қысқа таман қайта барған кезде жемістен ештеңе қалмағанын көрген.
Осылайша кактус далаға кең таралып, мұның соңы үлкен экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал.
Мал үшін қауіпті ме?
БҚО экология жөніндегі комиссия мүшесі Татьяна Стариченкова кактустың мал үшін қауіпті екенін айтады. Оның инесі резеңке етіктің табанынан оңай өтіп кетеді.
Егер мал басып кетсе, тұяғына кірген инеден сол жер іріңдеп, қабынады. Ал жеп қойса, іші үлкейіп, қабыну салдарынан өледі.
— Ірі қара үшін де қауіпті опунцияға байланысты Владимир Абдулов дабыл көтергеннен кейін біз сол жерді барып қарадық. Кактустың тамыры құнарлы топыраққа түссе, арқан тәріздес тез жайылады. Табиғат жанашырлары өсе берсін дегенді айтады. Алайда кактустың жерсінуі өте оңай. Көп елдер онымен күрескенімен, жоя алмай отыр. Айталық, Үндістанда оны декоративті өсімдік ретінде өсіреді. Гүлі әдемі, оның исіне аралар ұшып келеді. Жемісінен пастила, мармелад және кәмпит дайындалады. Көк сабағы инеден тазартылып, әзірленетін тағам да микроэлементтерге толы. Көршілес Астрахан, Волгоград облыстарында да декоративтік мақсатта өсіріледі, — дейді Т.Стариченкова.

Оның нақтылауынша, кактус жылы елдерде жоғары қарай көтеріліп, 3 метрге дейін жетеді. Ал Батыс Қазақстан облысында оның 30 градус аязға да төтеп беретіні белгілі болды.
Тек ерекшелігі, төмен қарай жайылып өседі. Өсімдік қалың шөптің арасынан байқалмайды.
— Кактусты құрту үшін тамырымен қазып алып, өртеу керек. Тағы бір жолы, жұлдызқұрт бізде де бар. Сондықтан табиғи жолмен жоюға болады. Бұл өсімдіктің өскенін қалайтындар да жоқ емес. Ондай жағдайда әбден зерттеп, бір шешімге келу керек. Батыс Қазақстан мал өсіретін аймақ болғандықтан кактустың шаруаларға зиян келтірмегені маңызды, — деді Татьяна Стариченкова.
Бірнеше жыл бойы зерттеп, бақылау қажет — Ботаника институты
— Мұндай жабайы өсімдіктердің әкелінуін, жерсіндірілуін бақылайтын құзыретті орган бар. Мен осы кактус мәселесі бойынша БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысына арнайы хат жолдадым, — дейді «Батыс Қазақстан экологиялық географиялық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дархан Сариев.

Аталған инспекция басшысы Нұрлан Рахымжанов Д. Сариевтің хатына төрт кактус бұтасының бар екенін және тұрған жері мемлекеттік орман қоры мен ерекше қорғалатын табиғи аумаққа кірмейтінін жеткізді.
Әзірге бұл өсімдікті белгісіз адамдар алып келіп, белгілі бір мақсатта отырғызған деген болжам бар. Өйткені опунция кактусы Батыс Қазақстан облысына тән емес.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындардан кактустың осындай аз мөлшерде Жаңақала және Тасқала аудандарында да өсіп тұрғаны жөнінде ақпарат түскен.
— Өсімдіктер әлемі туралы заңға сәйкес кактус жайында ғылыми бағалау, талдау жұмысы және соған орай ұсыныстар, сондай-ақ жалпы негіздеме беру жөнінде Ботаника және фитоинтродукция институтына арнайы хат жолданып, жауап келді, — дейді Н.Рахымжанов.
Кәсіпорынның бас директорының міндетін атқарушы, биология ғылымдарының докторы Надежда Гемеджиева өз жауабында опунция кактусының 200-ден астам түрі бар екенін, оның Канаданың дала аймағынан (56 ° N) Оңтүстік Аргентинаға (ылғалды тропикалық аймақтарды қоспағанда) дейін тарағанын көрсеткен.
Оның түсіндіруінше, кактус саваннада, тропикалық шөлдерде, қарағай-арша ормандарында өседі. Опунцияның аязға төзімді түрлері температураның -30 градусқа дейін төмендеуіне төтеп бере алады.
Шынында да ол субтропиктік немесе оған жақын климаты бар бірқатар елдерде агрессивтілік көрсетіп, белсенді жайылып, ауыл шаруашылығы алқаптарын алып жатыр, табиғи экожүйелерге еніп, жергілікті биосаналуандыққа әсер етіп отыр.

— Қатал климатта агрессивтілік әлі байқалған жоқ. Мысал ретінде Ресейдің Астрахан облысында ұқсас климаттық жағдайда өсетін осы кактустың популяциясын келтіруге болады. Бір ғасырдан астам бақылау кезеңінде популяция аздап өсті, бірақ агрессивтілік көрсетпеді. Сондай-ақ Тауқұм шөліндегі (Алматы облысы Айдарлы кенті) опунция популяциясы тұрақты. 50 жылдан астам уақыт ішінде ауданы 10 шаршы метрден аспады. Көбею тек вегетативті (сынған сегменттердің тамырлануы) аналық өсімдіктен қысқа қашықтықта байқалады. Ресейдегі (Санкт-Петербург) әріптестерімен кешенді зерттеу генеративті көбеюдің болмағанын, сондықтан агрессивті таралу қаупінің жоқтығын анықтады. Ботаника және фитоинтродукция институтының жаңартылған бағалау жүйесіне сәйкес агрессивтіліктің ең төменгі мәртебесі берілуі мүмкін — 1-2 балл (9 балдық шкала бойынша), мұны дәл анықтау үшін бірнеше жыл бойы зерттеу және бақылау қажет. Табылған опунция популяциясы бойынша біз жергілікті ботаниктерді, экологтар, еріктілерді тарта отырып, жыл сайынғы жағдайды, генеративті (тұқымдық) көбеюдің барысын бағалауды ұсына аламыз. Биылғы 25 қарашадағы зерттеу актісі бойынша опунция популяциясы «Сүлеймен» шаруа қожалығы жерінде орналасқан. Осы шаруашылықтың басшысы Аслан Сүлейменовке инвазивті түрдің таралуын бақылау үшін жауапкершілік жүктеуді ұсынамыз, — делінген ресми жауапта.
Әрине, мәселе мұнымен бітпесе керек. Жауапта айтылғандай, опунция популяциясы әлі де мұқият зерттеуді қажет етеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда басты экологиялық мәселе қандай екендігін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ таяуда оралдық эколог ағаштар орынсыз кесілетінін айтып дабыл қақты. қан оралдық эколог көгалдандыру мәселесін көтерді.
