Батыс Қазақстан облысы жылыту маусымына қаншалықты дайын
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында алдағы жылыту маусымына дайындық қалай жүргізіліп жатыр? Коммуналдық кәсіпорындардың өзекті мәселелері қалай шешілуде? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусинге бірнеше сауал қойған еді.
— Бейімбет Мәлікұлы, «Қыс қыр астында» дегендей, жылыту маусымына дайындық қашан аяқталады?
— Әзірлік жұмыстары туралы айтқанда, алдымен ауызға әлеуметтік мекемелер ілінеді. Күні бүгін облыста денсаулық сақтау, білім, спорт және әлеуметтік салада 3 571 нысан болса, солардың барлығы дайын.
Орал қаласын «Жайықжылуқуат» АҚ жылумен қамтамасыз ететіні белгілі. Алдағы жылыту маусымына жылумен жабдықтау жүйелерін дайындау үшін 3,5 млрд теңгеге 9,5 километр құбыр мен негізгі жабдықтарды жөндеу жұмыстары жоспарланған еді. Қазіргі таңда 8,5 километр жылу желісі жөнделіп, 90 пайызға орындалып отыр.
Сондай-ақ осы кәсіпорынға қарасты жылу-электр орталығында 3 083 тонна мазут қоры бар, яғни толық қамтамасыз етілген.
Облыс орталығында «Батыс су арнасы» ЖШС бойынша 2 млрд теңгеге 5,7 километр су құбырларын және № 18А кәріз-сорғы станциясын қайта құру жұмыстары 80 пайызға аяқталды.
Ақсай қаласында «Ақсайжылуқуат» МКК № 23 үйдің қазандығын, № 9 және № 11 кәріз-сорғы стансасын және Бестау су қабылдағышын күрделі жөндеуден өткізді. 63 км жылу желілеріне сығымдау жұмыстары жүргізілді. Ақсай жылыту маусымына толықтай дайын деп айтуға болады.
«Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС теңгерімінде кернеудің әр түрлі кластарындағы 20 531 шақырым электр беру желілері, 156 қосалқы станция және 3 028 түрлі кешенді трансформаторлық қосалқы станция бар.
Күні бүгін облыс бойынша электр желілерінің тозуы орташа есеппен алғанда — 78,86 пайыз.
Тозуды азайту мақсатында компания биыл инвестициялық бағдарлама бойынша 1,2 млрд теңгеге 43,6 шақырым кабельдік және әуе желілерін қайта құру, 128 жабдық мен тіректі ауыстыру және энергия ресурстарын бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар жөндеу қоры аясында 500 млн теңгеге 550 шақырым электр желілері, 22 қосалқы станция және 120 кешенді трансформаторлық қосалқы станция жөндеуден өткізілді.
Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 15 қазанға дейін толықтай аяқталатын болады.

— Орал қаласында магистральдық жылу құбырларын қайта құруға қанша қаржы бөлінді, бұл жұмыс қалай атқарылып жатыр?
— 2025 жылы № 2 жылу магистралін қайта құру жобасын жалғастыруға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жұмыстар 80 пайызға орындалды, 3,2 км құбыр төселді. Одан басқа, 5,5 км жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды.
— Жуырда Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен кеңестен кейін нендей мәселелерге баса көңіл бөлініп отыр?
— Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың қатысуымен Оралда өткен кеңестен кейін білім беру, денсаулық сақтау нысандарының жылыту маусымына дайындығы және төтенше жағдайлардың алдын алу туралы мәселелер пысықталды. Атап айтқанда, жылумен қамтамасыз ету ұйымдарының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының жұмысы зерделеніп, Орал қаласындағы жылу желілерін жаңғырту барысына бақылау күшейтілді.
Премьер-Министрдің кеңесшісі жауапты министрліктермен және БҚО әкімдігімен бірлесіп, Орал жылу-электр орталығының өндірістік ғимаратын күрделі жөндеуге және жылу қондырғыларын қайта жаңғыртуға қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ Ақжайық, Теректі және Бәйтерек аудандарын газдандыруға арналған «Ростоши-Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырын қайта жаңғырту жобасын қаржыландыру мәселесі күн тәртібінде тұр. «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жұмыстарды жандандыру, 2025-2026 жылдарға жоспарланған энергетикалық және коммуналдық нысандарды күрделі жөндеу мен қайта құру жұмыстарын толық көлемде қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударылды.
Облыстың жылу-энергетикалық жүйесінің сенімді және апатсыз жұмыс істеуі үшін аталған іс-шаралардың атқарылғаны маңызды.

— Сөзіңіз аузыңызда, таяуда Оралда гидравликалық сынақ кезінде құбыр жарылды. Мұндай жағдай қыста болмас үшін не істеу керек?
— Иә, жақында жүргізілген гидравликалық сынақтар барысында құбыр жарылғаны рас. Айта кету керек, гидравликалық сынақтың өзі қысқы мерзімде құбыр жарылуының алдын алу шарасы болып есептеледі. Бұл сынақтар жүйенің әлсіз тұстарын дер кезінде анықтауға және апатты жағдайға жеткізбей жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, облыс бойынша 312 км жылу желілері бар. Қазіргі таңда желілерге толықтай сығымдау жұмыстары аяқталды. Төтенше жағдайлар үшін авариялық бригадалар толықтай дайын.
Қысқы кезеңде қаладағы әр учаске өзіне қарасты аудандарды тұрақты бақылауда ұстайды. Әрине, құбырдың жарылуы мүлдем болмайды деп айту мүмкін емес, дегенмен жыл сайын тозығы жеткен учаскелер жаз айларында жоспарлы түрде ауыстырылып, жөнделеді.
Сонымен қатар «Жайықжылуқуат» АҚ базасында апаттық жағдай туындаған сәтте жедел ауыстыру үшін жеткілікті көлемде құбыр қоры сақталады. Бұдан бөлек, кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет ету үшін тәулік бойы дайын тұрған арнайы авариялық бригадалар жұмыс істейді.
— Соңғы сауал, қаладағы иесіз көпқабатты үйлер қанша, олардың мәселесі қалай шешілмек?
Күні бүгін 1 938 үйде жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталды. Бұл — жоспардың 95 пайызы.
Оның ішінде Орал қаласында 1 210 тұрғын үйдің 1 107-сі дайындық құжаттарын алды. Мұндай құжат алмағандар ішінде иесіз 5 жатақхана бар. Орал қаласы әкімдігі тарапынан жатақхана тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аталмыш жатақханалар жылыту маусымы басталғанша дайындық құжаттарын алатын болады.
— Әңгімеңізге рахмет.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қандай жылу нысандары жаңартылып жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ Орал қаласында лас су ағып жатқаны жөнінде әкімдік жауап берді.