Батыс Қазақстан облысында әдеп нормасын бұзған ауыл әкімі сөгіс алды

ОРАЛ. KAZINFORM — ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша әдеп кеңесінің кезекті отырысында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік істері қаралды.

сөгіс
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Отырыс барысында мәлім болғанындай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің БҚО бойынша департаментіне Бәйтерек ауданы Рубежин ауылдық округінің әкімі Арман Жұмағалиевтің үстінен ауыл тұрғыны арыз түсірген.

Арыз иесі WhatsApp мессенджеріндегі жазбалар мен дыбыстық хабарламаларды қоса ұсынған. Екеуара әңгіме кезінде ауыл әкімі Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері А.Жұмағалиевке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза беру туралы қорытындыға келді. Ауыл әкімі бұл шешіммен келіспейтіндігін білдіріп, сотқа шағымданатындығын жеткізді.

Сол секілді БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Әлібек Антазиев қызметкермен қарым-қатынас барысында әдеп нормасын бұзуға жол берген. Оған ескерту түріндегі тәртіптік жаза беру туралы ұсыныс жасалды.

Департамент басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсаловтың айтуынша, аталған адамдардың теріс қылыққа барғаны тексеру материалдарымен расталды.

— Мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жаза алған кезде бұл олардың қызметін бағалауға әсер етеді. Мұндай кезде сыйақы беруден бас тартылады. Егер сол жаза алынбаған уақытта қайтадан теріс қылыққа жол берсе, одан да қатаң жауапкершілікке тартылады, — деді М.Байсалов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да балағат сөз айтқан әкімдіктің аппарат басшысы қатаң сөгіс алғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар