Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырып жатқан 13 баланың жағдайы ауыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында қызылшадан келер қауіп сейілмей тұр. Осыған байланысты Kazinform тілшісі БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллинадан сұхбат алған еді.

- Айнаш Жұбанышқызы, қызылшадан келер қауіптің сейілмей тұрғаны неден деп ойлайсыз?
- Қызылша ауруының белең алуына байланысты еліміздегі эпидемиологиялық ахуал көпшілікті алаңдатып отыр. Қызылша – өте жоғары жұқпалы жіті вирустық ауру, ауа-тамшы жолымен беріледі. Аталмыш дерт қызылша энцефалиті, менингит, пневмония және басқа ауыр асқынуларға соқтыруы мүмкін. Одан тек екпе алу арқылы қорғануға болады.
Күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында екпеден бас тартушылар саны – 4 394. Соның ішінде 1 142-сі (25,9 пайызы) – жеке көзқарастары бойынша, 1 051-і (23,9 пайызы) – вакцинаға сенбеушілер, 286-сы (6,5 пайызы) – асқындырып алудан қорқатындар. Өңірде бір жасқа дейінгі балалар арасында ауру күшейіп тұр. Ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары барынша жасалғанымен, екпенің маңыздылығын түсінгісі келмейтіндердің саны басым.
- Екпе жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр, вакцина жеткілікті ме?
- Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жұмыстары 2023 жылдың 6 қарашасынан басталды. Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауға БҚО бойынша 50 500 бала жатады. Қазіргі таңда 36 516 бала егілді (72,3 пайыз). Тарқатып айтсақ, 6-10 айлық 5 857 сәбидің 3 935-і (67,1 пайызы), 2-4 жастағы 31 700 баланың 28 575-і (90,1 пайызы) вакцинациядан өткізілді. Сонымен қатар қызылшаға қарсы толықтыра вакцинациялауға жататын 5-18 жастағы 4 237 баланың 2 729-і (64,4 пайызы) екпе алды. Вакцина жеткілікті.
- Жуырда облыс әкімдігінде өткен жиында жеке балабақшаларда бүлдіршіндердің екпе алуы ойдағыдай еместігі айтылды, бұған не айтар едіңіз?
- Жеке балабақшалар арасында қосымша жаппай иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр. БҚО бойынша балабақшаларда тәрбиеленетін 23 334 бала егуге жатады. 2 ақпан күнгі мәлімет бойынша егілгені – 18 604 (79,7 пайыз). Оның ішінде мемлекеттік балабақшалардың 94 пайызы, жеке бөбекжайлардың 70 пайызы қосымша жаппай иммундаумен қамтылды. Бұл – әлі де біраз бөлігі қамтылмай отыр деген сөз. Сондықтан қазіргі жағдай жұмысты ширата түсуді қажет етеді.
- Кейбір ата-аналар «екпеден кейін ауру асқынады» деген пікірде, бұған не айтар едіңіз?
- Кез келген вакцинациядан кейін күтілетін екпеден кейінгі реакциялар болуы мүмкін, өйткені баланың ағзасына антиген енгізіледі (қызылша екпесі жағдайында қызылшаға қарсы әлсіреген тірі вирус). Мұндай реакциялар, әдетте, қызылшаға қарсы екпеден кейін 5-6, 10-11 күндері пайда болады және температураның жоғарылауы, тамақтың қызаруы, жөтел, бөртпе түрінде көрінеді. Бір-екі күн ішінде өздігінен кетеді. ҚР Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жыл сайын қызылшаға қарсы 1 жастағы және 6 жастағы балалар егіледі, бұл шамамен 24 000 адам. 2023 жылғы қараша айынан бастап қосымша жаппай иммундау кезеңінде 40 мың бала егілді, қолайсыз салдарлар тіркелген жоқ.
- Облыста қызылшадан ем алып жатқандардың жағдайы қалай, жансақтау бөлімінде жатқандар бар ма?
- Биылғы 5 ақпандағы ахуал бойынша 83 пациент стационарлық ем алып жатса, соның 16-сының (19,3 пайызының) жағдайы ауыр. Соның ішінде 13-і – бала. Пациенттердің ауырлығы негізінен уыттану мен вирустық пневмонияның дамуынан тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты. Екі бала жансақтау бөлімшесінде ем алып жатыр.
- Әңгімеңізге рахмет. Қызметіңізге табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда он күнде 50-ге жуық адамнан қызылша анықталғанын жазған болатынбыз.