Батыс Қазақстанда 16 мектепте 37 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы 1 қазаннан бері 46 226 адамның жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырғаны тіркелді.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, соның 32 771-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Соның ішінде 472-сі 1 жасқа толмаған. Сондай-ақ 93 жүкті әйел ЖРВИ-ға шалдықты.
— Екі айда тұмаумен 116 адам сырқаттанған, олардан А типінің H3N2 вирусы анықталған. Тұмаумен ауырғандар саны 31 пайызға өсіп отыр. Бұлардың 84-і — 14 жасқа дейінгі балалар. 9-ы — жүкті әйелдер, — деді К.Мұхитова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 16 мектепте 37 сынып қашықтан оқытуға ауыстырылды. Соның ішінде Орал қаласында — 3 мектеп, 6 сынып, 94 оқушы. Бәйтерек ауданында — 9 мектеп (23 сынып, 274 оқушы).
Сонымен қатар Жаңақала ауданында 1 мектепте 1 сыныпқа (21 оқушы), Теректіде 1 мектепте 2 сыныпқа (9 шәкірт), Ақжайықта 1 мектепте 3 сыныпқа (59), Сырымда 1 мектепте 2 сыныпқа (33) қашықтан білім беріліп жатыр.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды сақ болуға, балалар мен жүкті әйелдерді қорғауға шақырады. Алдын алу шараларын орындау арқылы вирустың таралуын төмендетуге болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 75 адамның гонконг тұмауына шалдыққанын жазған болатынбыз.