Батыс Қазақстанда 200-ден астам жас есірткі қылмысына барған

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында есірткі қылмысымен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі БҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әнуар Халеловке бірнеше сауал қойған еді.

а
Фото: БҚО ПД

— Әнуар Асылбекұлы, алдымен Батыс Қазақстан облысындағы есірткі қылмысы жөнінде не айтар едіңіз? Оның қандай түрлері көбірек таралып отыр?

— Облыста жыл басынан бері есірткіге қатысты 226 құқықбұзушылық анықталса, соның 44-і сату дерегі болып отыр.  Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жедел де жүйелі іс-қимылы нәтижесінде 233 кг 312 грамм есірткі заттары заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді.
Қазіргі таңда марихуана мен синтетикалық есірткінің жиі ұшырасатынын айтуға болады. Сол секілді жүргізіліп жатқан күрес шараларына қарамастан, есірткі заттарын заңсыз өсіру мен сақтау да тыйылмай отыр.

— Есірткі тасымалдау мен таратудың жолдары қандай?

— Биыл басқа өңірлерден есірткі заттарын тасымалдаудың екі арнасына тосқауыл қойылды. Атап айтқанда, Ақтөбеден Оралға және Қызылордадан біздің облыс орталығына есірткі жеткізушілердің жолы кесілді. Қазіргідей ақпараттық технология дамыған уақытта есірткі таратушылар мен сатушылардың өз әдіс-тәсілдерін өзгертіп, заманға бейімделіп жатқаны түсінікті. Олар, мысалы, әлеуметтік желіні жиі пайдаланады.

Нақтырақ тоқталсақ, Telegram желісі арқылы есірткі заттарын таратумен айналысқан 3 интернет-дүкен жойылды. Биылғы 27 мамырда облыс аумағында есірткі заттарын таратумен айналысқан, 6 қатысушыдан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Соның нәтижесінде екі, 22 шілдеде тағы бір интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды. Мұның да ұйымдастырушысы мен барлық қатысушылары қолға түсіп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Орал қаласы аумағында есірткі өсімдіктерін өсіру бойынша 8 зертхана анықталып, күдіктілер құрықталды. Есірткі қылмысымен күресіп қана қоймай, оның алдын алудың маңызы зор екендігін жақсы түсінеміз. Осы бағытта есірткіге қарсы 860 үгіт-насихат іс-шарасы өткізілді. Сонымен қатар түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында 18 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Жыл басынан бері есірткі және оның жарнамасын тарату бойынша 1 322 есірткі сайтының бұғатталғанын да айта кеткен жөн.

а
Фото: БҚО ПД

— Есірткі тұтынушылар негізінен жастар ма, нашақорлар саны мен өлім-жітім жайына тоқтала кетсеңіз? 

— Өкінішке қарай, жастар да есірткі құрығына аз ілініп жатқан жоқ. Жыл басынан бері есірткіге қатысты құқықбұзушылыққа барған 201 жас адам ұсталды. Соның ішінде 21-і — жасырын есірткі салушы, 12-сі синтетикалық есірткі таратқаны үшін тұтылды. Бұлардың арасында кәмелетке толмаған 1 жасөспірім де бар. Нашақорлар санына келсек, оның нақты есебі және соның салдарынан қаншасы өлім-жітімге ұшырайтынын білдіретін ашық статистика жоқ.

— Есірткіні заңсыз өсірумен айналысатын тұрғындардың жазасыз қалмайтыны түсінікті. Бұған не айтар едіңіз?

— Әрине, ешкім де жазасыз қалмайды. Айталық, үйінде немесе ауласында заңсыз есірткі өсірудің 20 дерегі тіркелді. Биылғы 31 шілдеде бір жергілікті тұрғын ұсталды. Оның үйінің ауласын тінту барысында аумағы 450 шаршы метр, суару жүйесімен жабдықталған жасырын жылыжай табылды. Нәтижесінде 135 килограмм қарасора тәркіленді. Қазіргі кезде осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды. Сол секілді 12 қыркүйекте интернет-дүкен арқылы есірткі заттарын сатқан екі бойжеткен қолға түсті. Олардан 2 килограмнан астам синтетикалық есірткі заттары (мефедрон мен «тұз») тәркіленді.

Демек, бұдан есірткіні жасырын өсіруден бастап сақтау, жеңіл қолжетімді тәсілдер арқылы сатуға дейінгі қылмыс түрлерін көруге болады. Мұндай қылмысқа барғандар өз өмірлерін талқандап қана қоймай, басқаларға ажал уын таратады. Сондықтан мұның жолын кесу, алдын алу жалпы қоғам үшін де аса маңызды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда есірткі заттарын заңсыз өткізумен айналысқан екі тұрғынның 7 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар